Қостанай облысында такси жүргізушісін тонағандар ұсталды

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қостанайлық полицейлер таксишіге қарақшылық шабуыл жасаған үш күдіктіні ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Оқиға 9 сәуір күні түнде болған. Үш жігіт Амангелді көшесіндегі дүкеннен «Текстильщик» саяжай қоғамына дейін «Индрайвер» арқылы такси шақырған. Шақыртуға «Лада Калина» автокөлігімен 38 жастағы такси жүргізушісі келді.

«Екі жігіт артқы орындыққа, біреуі жүргізушінің жанында отырды. Адам аз жерге келген кезде артта отырған біреуі таксишінің мойнын арқанмен қылғындырып, ақша талап еткен. Жүргізуші сытылып шығып, қылмыс туралы «102» нөміріне хабарлап үлгерген. Осы уақытта күдіктілер екі ұялы телефон мен видео тіркегішті алып, қашып кеткен. Оқиға орнына келген полиция патрулі жәбірленушінің айтуы бойынша күдіктілер туралы мәлімет жинаған. Тәртіп сақшылары барлық күзет орындарына хабарлады», - делінген полицияның ақпаратында.

Хабар алған аға лейтенант Жәнібек Мырзахметов пен аға сержант Амантай Байжанов Қорған көшесінің бойымен жүріп, сипаттамаға сәйкес келетін екі күдікті жігітті көреді. Жүргізуші күдіктілерді бірден таныған. Үшінші жігіт кейін өз пәтерінде ұсталды.

«Таксишіні тонаған Қостанай облысының 20 және 24 жас аралығындағы тұрғындары болып шықты. Бәрі де бұрын сотталған. Бұған дейін олар облыс орталығы салондарының бірінде татуировка салушы болып жұмыс істеген. Төтенше жағдай кезінде облыста патруль күшейтілгенін ескертеміз», - дейді полицияның баспасөз қызметіндегілер.

Қазір осы дерек бойынша ҚР ҚК 192-бабы 2-бөлігімен («Қарақшылық») сотқа дейінгі тергеуді бастады.


Соңғы жаңалықтар