Қостанай облысында пара алды деген күдікпен көліктік бақылау инспекциясының басшысы ұсталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қостанай облысында кәсіпкерлерден жүйелі түрде пара алып келді деген күдікпен көліктік бақылау инспекциясының басшысы ұсталды. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бірінші департаментінің аға тергеушісі Данияр Бигайдаров мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қостанай облысы бойынша көліктік бақылау комитетінің басшысы қазіргі уақытта пара алды деген күдікке ілініп отыр. Қазіргі уақытта Қостанай облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық көліктік бақылау инспекциясының басшысына қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады. Жүйелі түрде өңірдегі кәсіпкерлерді «қамқорлығына» алып, жүк көліктерін кедергісіз өткізгені, ірі габаритті жүктерді тасымалдау ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершіліктен босатқаны үшін оған пара алды деген айып тағылуда», - деді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бірінші департаментінің аға тергеушісі Данияр Бигайдаров агенттікте өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, күдікті 28 ақпан күні 1 млн теңге пара алып жатқан жерінен ұсталған. Сот санкциясымен қамауға алынған. Күдіктіге қатысты іс енді сотта қаралады.


Соңғы жаңалықтар