Қостанай облысында мемлекеттік тілде оқытатын мектеп салынады

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Биыл Қостанай облысында 3 мектеп салынып, 30 білім ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Ауқымды жобалар негізінен «Ауыл - Ел бесiгi» және «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламалары арқылы қаржыландырылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Өңірде білім саласына қатысты ілкі жобалар жетерлік. Мәселен, Қарасу ауылындағы апатты жағдайда тұрған білім ошағының орнына таяуда 320 орындық жаңа мектеп құрылысы басталады. Нысан «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында жүзеге асырылады. Мұнда тек мемлекеттік тілде оқытылады. Аталмыш мектептің директоры Айгүл Арғынғазинаның айтуынша, ескі мектептің ғимараты 1968 жылы пайдалануға берілген. Бастапқыда кітапхана ретінде ғана ашылған.

«Аудан орталығына тек мемлекеттік тілде оқытатын мектептің қажеттілігі білінетін. Биыл бұл ойлағанымыз да іске аспақ. Бір жағынан түлектерімізге жұмыс тауып беру мәселесін біржақты етуге болады. Бұл жаңалықты естіген балалар да, ата-аналарымыз да қуанды. Негізі мұнда 2008 және 2010 жылдары ағымдағы жөндеу жұмыстары өткен. 50 жылдан астам пайдаланылып келе жатқан ғимарат әбден ескірді», - дейді Айгүл Арғынғазина.

Құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізуге «Сыл» ЖШС-мен 596,3 миллион теңге сомасына шарт жасалды. Қаржы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» шеңберінде республикалық бюджеттен бөлінді. Мердігер ұйым 8 айдың ішінде барлық құрылыс және әрлеу жұмыстарын аяқтауды жоспарлап отыр.

Облыстық білім басқармасы 2020 жылы жүзеге асатын құрылыс жобалары мен күрделі және жеңіл жөндеуден өтетін нысандар тізімін жасады. Бұл тізімге жалпы сомасы 9,2 млрд теңге болатын 35 инфрақұрылымдық жоба еніп отыр. Бағдарламаны жүзеге асыру барысында 2300 уақытша жұмыс орны ашылады.


Соңғы жаңалықтар