Қостанай облысында интернет-алаяқтар әрекеті жиілеп кеткен

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанай облысында интернет-алаяқтық әрекеттері жиілеп барады. Қостанай облыстық Ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің ақпараты бойынша, жыл басынан бері интернет-алаяқтықтың 66 фактісі тіркелді. Бұл туралы Қостанай облыстық ІІД баспасөз қызметінің брифингінде ІІД КПБ аға жедел уәкілі Айдар Мусин мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Интернет-алаяқтар автомобиль мен оның бөлшектерін сататын танымал сайттарда хабарлама жариялайды. Мысалы, OLX, Колеса.

«Алаяқтар ең төменгі баға беріп, тегін жеткіземіз деген желеумен арбайды. Сатып алушылар интернет арқылы байланысқа шығып, үшінші тұлғалардың атына рәсімделген банк шоттарына және интернет-әмияндарына ақша аударады. Қазіргі таңда 39 оқиғаға қатысы бар күдікті анықталды. Ол жұмыссыз жергілікті тұрғын болып шықты», - деп хабарлады ведомстводан.

3 сәуірде Қостанай полицейлері жалпы залалы миллион теңгені құрайтын үш алаяқтық істі тіркеді.

«Зардап шегуші жеке көлігін сату туралы хабарлама жариялаған. Оған белгісіз біреу хабарласып, көлікті сатып алуға дайын екендігін және оның банк картасына кепілақы аударатынын айтқан. Зардап шегуші бұл шартқа келісіп, жеке деректері мен карта нөмірін жіберген. Сол күні оның шотынан ірі сомадағы ақша шешіп алынған», - деп түсіндірді полицейлер.

Осыған байланысты, полицейлер азаматтардан өздерінің жеке деректері мен шот нөмірлерін бейтаныс адамдарға хабарламауын сұрайды.

Соңғы жаңалықтар