Қостанай облысында халықтың 53 пайызы толық вакциналанды
«Пандемия басталғаннан бері Қостанай облысында COVID-19 жұқтырудың 31 492 жағдайы тіркелді. Қазіргі уақытта 21 стационарда 607 адам ем алып жатыр, жүктеме – 34%. Қажет болған жағдайда төсек-орын санын 3 мыңға дейін арттыруға дайынбыз», - деді Ерлан Спанов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Карантиндік шаралардың сақталуын бақылау мақсатында мобильді топтардың жұмысы да жалғасуда.
Биыл 1 тамызынан бастап өңірде 2 мыңнан астам рейд жүргізілген және 206 бұзу фактісі анықталған.
«Халықты COVID-19-ға қарсы вакциналау жұмыстары жалғасуда. Емханалардан бөлек, халық көп жиналатын жерлерде вакцина салатын бекеттер ашылды. Қазіргі уақытта халықтың 61%-дан астамы бірінші компонент, 53%-дан астамы екінші компонент салдырған», - деді спикер.
Сонымен бірге «Ashyq» жобасына қатысу үшін 4 819 өтінім берілген, оның ішінде 4 719 кәсіпорын QR-код алды.
Биылғы 1 тамызбен салыстырғанда облыста «Ashyq» жобасына қатысушылар саны 1 978 кәсіпорынға немесе 41%-ға артқан.