Қостанай облысында азық-түлік бағасын тұрақтандыру қоры құрылды

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Облыс әкімдігінде өткен жиында ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының жыл бойы атқарған жұмысы талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Алдымен басқарма басшысы Жансұлтан Тәукеновтің баяндамасы тыңдалды. Оның айтуынша, ауыл шаруашылығы - облыс экономикасының негізгі бағыты саналады. Өңірлік өнімдегі үлесі 11,2%-ті құрайды. Салада 125 мыңнан астам адам жұмыс істейді.

«Биыл өсімдік шаруашылығы үшін ауа райы қолайсыз, қатты құрғақшылық болды. Соған байланысты жалпы өнім көлемі төмендеді. Жаздық егіс көлемі 4,7 млн га құрады. Дәнді дақылдармен - 4 млн га жуық, оның ішінде 3,3 млн га бидай егістерімен қамтылған. Егіс алқаптарының құрылымын әртараптандыруды жалғастыру шеңберінде майлы дақылдар егістігі 510 мың га дейін ұлғайтылды, бұл өткен жылғы деңгейден 80,5 мың га артық. Егін жинау жұмыстарының қорытындысы бойынша 3 млн тонна астық бастырылды, облыс бойынша бидай 7,6 центнерден түсті. Жиналған астық көлемі шаруашылықтарға бірінші кезектегі қажеттіліктерді жабуға, мал қыстатуды жүргізуге, алдағы жылдың егіс жұмыстарына дайындалуға мүмкіндік береді. Бұл ретте тұқым толық көлемде қамбаға құйып алынды. Құрғақшылықтан зардап шеккен шаруашылықтарға мемлекеттік қолдау көрсетілді. «ҚазАгро» ұлттық басқару холдингі» акционерлік қоғамы қаржы институттары алдындағы міндеттемелерді 2020 жылдың желтоқсанына дейін ұзартуға мүмкіндік берді», - деді Ж.Тәукенов.

Биыл бидай құнының өсуіне байланысты жергілікті бюджеттен әлеуметтік нанның бағасын тұрақтандыру үшін 300 млн теңге қосымша бөлінді. «Асалия» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен құрғақшылық аймағындағы өңір наубайханаларын 1-сұрыпты ұнмен үздіксіз қамтамасыз ету үшін 3,2 мың тонна ұн сатып алынды. 1 келі ұнның бағасы 94 теңгеге шықты. Бөлшек саудада әлеуметтік нан 83 теңгеден өткізіліп келеді. Облыстың 4 қаласы мен 6 ауданында тәулігіне 22,4 тонна ұн жеткізіледі. Құрғақшылық аймағына кіретін қалалар мен аудандардың әкімдіктері нан бағасын бір қалыпта ұстап тұру үшін үшжақты меморандумдар жасасты. Сондай-ақ, облыста 1 млрд теңге сомасына азық-түлік тауарларының тұрақтандыру қоры құрылды, әлеуметтік маңызы бар 19 азық-түлік тауарының ішінен 14 қажетті тауар атауы іріктелді.

Ендігі басты міндеттердің бірі – қыс мезгілінде аналық мал басын сақтауды қамтамасыз ету. Оңтүстіктегі 8 ауданның кәсіпорындарын қолдау мақсатында аналық ірі қара мал басын ұстау үшін бюджеттен 378,6 млн теңге бөлінді.

«Бүгінде ауыл шаруашылығы құрылымдары «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 703 бас ірі қара мал сатып алды. 24 асыл тұқымды репродуктор арқылы 5 мыңнан астам қара мал өткізілді. Оның жартысынан астамы облыс шегінен тыс аймақтарға экспортталды. Жалпы 1700 тоннадан астам сиыр еті экспортқа шықты», - деп мәлімет берді Жансұлтан Тәукенов.

Жиында машина-трактор паркі туралы айтылды. Аймақта 23,7 мың трактор, 9,6 бидай жинайтын комбайн, 22 мың еккіш бар. Келесі жылдан бастап трактор паркі мемлекеттен субсидияланбақ. Сол себепті жергілікті әкімдіктер шаруашылық басшыларымен жиын өткізіп, бағдарламаға қатысуға өтінім жазулары тиіс.

Жиынды қорытындылаған Архимед Мұхамбетов аудан-қала әкімдеріне тапсырма берді.

«Жергілікті кәсіпкерлерді жинап, мемлекеттік бағдарламалар, субсидиядағы өзгерістер туралы түсіндіріңіздер. Көбі бизнесті қолдаудың тетіктерін білмей жатады. Бұған бірінші кезекте атқарушы органдар жауапты. Ауыл шаруашылығы басқармасы, ұсыныстарыңызды тиісті министрлікке жеткізіңіздер. Облыстың тиімді деген жобаларын ұсыну қажет. Ұсыныс жасауға екі апта уақыт беремін», - деді Архимед Мұхамбетов.

Соңғы жаңалықтар