Қостанай облысында Армениядан әкелінген 7 автокөлік тіркеуден өтті

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қостанайда Үкімет бекіткен жаңа ережелер бойынша Армениядан әкелінген автокөліктерді тіркеу басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

2020 жылдың 1 ақпанына дейін облысқа Армениядан 750 көлік әкелінген. Енді оларды тіркеу үшін көлік иесіне бірнеше құжат дайындау қажет. Осы жылдың екінші маусымына дейін өңірде 7 автокөлік тіркеуден өткен.

«Қостанай облысының тұрғындарына сары түстегі «10» сериясымен мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілері беріледі. Көлік құралдарын тіркеу үшін мына құжаттар қажет: жеке куәлік, ҚР Салық кодексінің 615-бабына сәйкес айлық есептік көрсеткіштің 0,25 пайызы мөлшерінде мемлекеттік тіркеу төлемі және мемлекеттік баж, Армения Республикасының уәкілетті органында берілген көлік құралдарының анықтамасы. Егер автокөлік оң рульді болса, онда Сертификаттау орталығынан қауіпсіздік сертификаты қажет. Рәсімдеу құны – 11 946 теңге. Тіркеу –емтихан алу бөлімінің қызметкерлері көліктерді тіркеу барысында туындайтын сұрақтарға жауап беру үшін Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарында кезекшілік етуде», - деп атап өтті облыстық Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Нығмет Ысмағұлов.

Айта кетейік, Армениядан әкелінген көлікті тіркеу ережелерін түсіндіру үшін Полиция департаментінде Call-орталық күн сайын жұмыс істейді. Тел нөмірлері: 8-708-475-38-29, 8-7142-75-38-29. Тіркеу Карбышев көшесі 12/10 бойынша мамандандырылған ХҚО-да жүзеге асырылады.

Мамандардың есебінше, көлік рәсімдеу уақыты 15 минуттан аспайды. Тіркеу мерзімі 1 қыркүйекке дейін жалғасады.

Қазақстан Республикасының Үкіметі еліміз азаматтары Армения Республикасында тіркелген көліктерін Қазақстанға әкеліп, пайдалануына қатысты Қаулы қабылдаған болатын.



Соңғы жаңалықтар