Қостанай облысында 90-нан астам стационарлық және жылжымалы егу пункті жұмыс істейді

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанай облысында 31 медициналық ұйым мен 93 стационарлық және жылжымалы егу пунктінде коронавирус инфекциясына қарсы екпе жасауға болады. Бұл туралы облыс әкімі Архимед Мұхамбетов өзінің Instagram парақшасында жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бүгін Архимед Мұхамбетов Қостанай қаласының №4 емханасына барды.

«Бүгінгі таңда Covid-19-ға қарсы вакциналау белсенді жүргізіліп жатыр. Вакциналаудың бастапқы және қайталама кезеңдеріне арналған кабинеттер жұмыс істейтін 31 медициналық ұйым (оның ішінде 5 жеке) қызмет көрсетеді. Медициналық ұйымдарда үлкен ұжымдарға арналған көшпелі вакциналау бригадалары қарастырылған. Вакцинаны 93 стационарлық және жылжымалы егу пункттері жүргізеді. Олардың санын 150-ге дейін көбейтуге резерв бар», - деді аймақ басшысы.

Сондай-ақ адамдар көп жиналатын жерлерде вакциналау жүргізу үшін емханалармен қатар «Kostanay Рlaza» сауда-ойын-сауық орталығында, «City Kostanai» бизнес-орталығында, «Емшан» сауда орталығында, «Астықжан» супермаркетінде (Абай даңғылы 1Б), сондай-ақ Рудный қаласында, «ЦУМ» сауда орталығында жеке егу кабинеттері ашылды.

«Бүгінгі таңда облысқа «Спутник V« вакцинасының бірінші компонентінің 59 мың дозасы және екінші компонентінің 24 мың дозасы, сондай-ақ «QazVac« вакцинасының 2 мың дозасы жеткізілді. Алғашқы болып 42 мыңнан астам адам алды. Екінші компонентті 10 мыңнан астам адам алды»,- деп қорытындылады ол.


Соңғы жаңалықтар