Қостанай облысында 5 500 автокөлік экспортқа шығарылған

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Елде енгізілген төтенше жағдай режиміне қарамастан, Қостанай облысы өткен тоғыз айды оң макроэкономикалық көрсеткіштермен аяқтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жыл басынан бері Қостанай облысының негізгі капиталына 234 млрд теңге инвестиция тартылған. Биыл ет пен сүт өндірісінің көлемі едәуір артқан. Өсімдік майының экпорты 3,2 есе, ұн экспорты 11 пайызға өсті.

Сыртқы нарыққа шыққан өндіріс тауарларының ауқымды бөлігі көлік құрастыру саласының еншісінде. Жергілікті машина жасау зауыты экспорт көлемін еселеп, 5500-ге жуық автокөлікті экспортқа өткізген. Автозауыт пандемия кезіндегі қиындықтарға қарамастан 879 автобусты қатарға қойған. Бұл көрсеткіш былтырғы деңгейден 2 есе көп.

Облыстық Экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Гүлбарам Мұсағазинаның айтуынша, аймақ экономикасын өркендету көрсеткіштері бойынша барлық аудан-қалалардың үлесі бірдей емес. Кейбір өңірлер өндіріс көрсеткішін төмендетіп алған.

Ал жоғары нәтиже ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп өндірісінде байқалып отыр. Құрылыс қарқыны да жоғары.

«Өңірде 1,1 трлн теңгенің өнеркәсіп өнімі шығарылды. Оның ішінде 609 млрд теңге өңдеуші секторға тиесілі. Бұл салада өсім 19,3% құрап отыр. Ауыл шаруашылығы саласында 3,3 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Биыл 4 млн тонна астық қамбаға құйылса, оның 3,5 млн тоннасы бидайдың үлесінде. Гектар түсімі орташа есеппен 10 центнерді құрады. 190 мың тонна майлы дақыл жиналды. Бюджет кірісі де молайып, 144 млрд теңгеден асты. Жалпы, жылдық жоспар орындалды», - деп мәлім етті басқарма басшысы.


Соңғы жаңалықтар