Қостанай облысында 20 адам карантинге жатқызылды

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қостанай облысында 1 «а» санатына кіретін елдерден келген 20 адам провизорлық госпитальға жатқызылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің баспасөз хатшысы Сәуле Нүрпейісованың айтуынша, COVID-19 коронавирус инфекциясы өршіп тұрған елдерден келген азаматта қатаң бақылауда.

«1 «а» санатына жататын Испания мен Германиядан келген 20 Қазақстан азаматы тіркелді. Бірақ бұған үрейленудің қажеті жоқ, өйткені аймақта коронавирус жұқпасы жоқ. Қазіргі уақытта олар Тобыл қаласындағы провизорлық госпитальда жатыр. Жағдайлары қанағаттанарлық. Сондай-ақ, Швейцариядан келген (1 «б» санаты) 1 адам үй карантинінде. Ал, екінші санат бойынша тұрғылықты жерінде орналасқан жеті адамды медицина қызметкерлері 14 күн бойы қоңырау шалу арқылы бақылап отырады», - деді Сәуле Нүрпейісова.

Жалпы Қостанай облысында 695 төсек-орынмды қамититын провизорлық госпитальдар ашылды. Инфекциялық стационарлар Қостанай облыстық ауруханасы мен Рудный қалалық ауруханасының базасында орналасқан. Ал, сырттан келгендерді оқшаулауға арналған провизорлық стационар Тобыл қаласында орналасқан. Сондай-ақ, «Дружба» санаторийінде және Қарабаев оңалту орталығында карантиндік резервтер дайындалды.

«Ресей Федерациясымен шекарада 8 санитарлық-карантиндік пункт құрылды. Онда тәулік бойы медицина қызметкерлері, эпидемиологтар және шекара қызметтері жұмыс істейді. Жалпы, өңірдегі жағдай тұрақты. Коронавирус инфекциясын жұқтырған адамдар жоқ», - деді баспасөз хатшысы.


Соңғы жаңалықтар