Қостанай облысында 17 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылады

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Биыл Қостанай облысына «Еңбек» бағдарламасын жүзеге асыру үшін 9 млрд теңге бөлінді. Бұл қаржыға 17 мыңға жуық адамды еңбекке тарту жоспарланып отыр. Облыс әкімдігінде өткен жиында жұмыспен қамту мәселесі талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Биыл өңірде кадр даярлау және ұзақ мерзімді оқуға 1,5 мыңға жуық адам жіберілмек. Бірақ әзірге қандай мамандықтар тізімі жасалған жоқ. Сонымен қатар «Бизнес-Бастау» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерін 1400 жас маман оқиды.

«Осы жылы кәсіпкерлерді шағын несиелеуге 1,4 млрд теңге қарастырылған. Бұл қаражатқа ауылдық жерлер үшін 1 млрд теңгеге 226 микрокредит беріледі. Қаржы аудару сәуір айына белгіленген, қалаларда жалпы сомасы 416,1 млн теңге болатын 47 шағын несие беру жоспарланған. Республикалық «Жас маман» жобасын іске асыруға 2,1 млрд теңге бағытталады. Бұл қаржыға облыстың 7 колледжі заманауи құрылғылармен жабдықталады. 16 зертхана, 8 шеберхана және жаңа модификациялы 2 кабинет іске қосылады», – дейді Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Гүлнар Әбенова.

2021 жылы «Еңбек» бағдарламасы аясында жастар тәжірибесі және қоғамдық жұмыстарға 17 мың адамды орналастыру жоспарланып отыр. Ал еңбек ресурстары мобильділігі бағыты бойынша оңтүстіктен 800 қоныс аударушы келуі мүмкін. Оларды тұрақты жұмыспен қамту және жаңа мамандықтарға оқытуға жіберу көзделген.


Соңғы жаңалықтар