Қостанай облысы биыл коронавируспен қалай күресті

None
None
ҚОСТАНАЙ.ҚазАқпарат – Әлемді дүрліктірген пандемия елімізді айналып өткен жоқ. Кеселдің кесірі Қостанай облысына да тиді. Осы ретте індетпен күресте дәрігерлер мен полицейлердің алдыңғы шепте жүргені рас. ҚазАқпарат тілшісі Қостанай облысының 2020 жылы Денсаулық сақтау саласында атқарған қызметі, эпидемияға қарсы күресте қолға алған кешенді іс-шаралары туралы баяндамақ.

Індетпен күрес: медициналық нысандардың дайындығы

Қостанай облысында 489 денсаулық сақтау нысаны жұмыс істейді. Оның ішінде амбулаториялық-емханалық ұйымдар – 26, стационарлар – 29, диспансер, дәрігерлік амбулаториялар – 41, ФАП – 72, медициналық пункт – 329. Міне, аталмыш медициналық нысандар пандемия жағдайында толық күшінде жұмыс істеді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Вячеслав Дудник айтқандай, пандемия үлкен салмақ түсіріп, медицина саласының дайындығын бір сынады. Дей тұрғанмен, өңірдің ақ халаттылары коронавируспен күрестің тиімді шараларын қабылдап, түрлі тәсілдерді меңгерді.

«Облыста індеттің алдын алу мақсатында 4500 төсек-орын дайындалды. Елімізде COVID-19-дың алғашқы дерегі тіркелген күннен бастап, біз дайындық шарасын күшейттік. Стационарларда 86 мың пациент емделсе, бүгінге дейін 25 мың ота жасалды. Кей кездері бір күнде 80 операцияға дейін өткізген күндер болды. Коронавирустың алғашқы толқынында 100200 ана босанды. Емханалар 3 млн астам адамды қабылдап, 3 мың пациентке 14 мың қан компоненттері құйылды», - дейді басқарма басшысы.

Коронавирус жедел жәрдем қызметін де біраз әуреге салғаны анық. Биыл жедел жәрдем шақыртуларының рекордтық көрсеткіші тіркелген. Жедел көмек 288 мың адамға жеткен, бұл күніне орта есеппен 800-ге тең. Медициналық авиациямен 220 пациент тасымалданды, оның 60-да ұшақ пайдаланылды.

Кадр тапшылығы жоқ

Мемлекеттік денсаулық сақтау секторында 15 мың адам жұмыс істейді десек, оның 2 мыңы – дәрігер, 6 мыңы – орта медициналық білімі бар қызметкерлер. 2020 жылдың қаңтар айынан бері аймаққа сырт облыстардан дәрігерлерді тарту жұмыстарына басымдық берілді. Тамыз айынан бері Қостанайға 186 дәрігер (оның ішінде 160 медициналық ЖОО түлектері және 26 тәжірибелі дәрігер) келді. Оның ішіндегі 19 жас маман жергілікті бюджет есебінен қосымша білім алады.

«Облысқа жұмыс істеуге келген мамандарға әлеуметтік қолдау шаралары көрсетіледі. Биылдан бастап қалаға келген дәрігерлерге көтермеақы төлемдері қарастырылған. Барлығы 34 дәрігер 14,7 млн теңге қаржылай көмек алды. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында ауылдардағы 310 медицина қызметкері 85 млн теңгеге көтермеақыға ие болды,185 медицина қызметкері тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Сырттан келген дәрігерлерге әлеуметтік қолдау шаралары ретінде Қазақстандық ипотекалық компаниясы арқылы тұрғын үй беріледі. Осыған дейін 54 пәтердің кілті тапсырылды, келесі жылдың басында тағы 100 дәрігер пәтер кілтін алады», - деп түсіндірді В.Дудник.

Қостанайда жас мамандардың тәжірибе алуына жергілікті медициналық колледжі айтарлықтай мүмкіндік жасап отыр. Мұнда 5 медициналық мамандық бойынша білім беріледі. Облыс әкімдігінің қолдауымен студенттер контингенті 2 есеге өсті. Бұған қоса Рудный қаласындағы медколледжде «Мейірбике ісі» бөлімшесі ашылды. Ол қазір қажетті жабдықтармен жарақтандырылған, әзірге 144 студент білім алады.

Дәрі-дәрмек дүмпуі: мәселе оңтайлы шешілді

Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар көбейіп, пневмония өршіген тұста дәріханалар алдында кезек көбейді. Қызу түсіретін, тұмауға қарсы ішетін дәрі-дәрмек тапшылығы білінді, жақыны ауырғандар дәріні өзге қалалардан да іздеп кетті. Ресми дерекке сүйенсек, Қостанай облысының с тационарларына 5,5 млрд теңгеге дәрі-дәрмек әкелінді. Оның ішінде КВИ-ге қарсы препараттарға қосымша 988 млн теңге қаржы жұмсалды. Қостанай облысында дәрі-дәрмектерді дұрыс бөлінуін ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі бақылады. Алик Шпекбаев Қостанайдағы жұмыс сапарында «СҚ-Фармация» ЖШС операциялық қоймасына барды. Қойма облыстың емдеу мекемелері мен ұйымдарының Нұр-Сұлтан қаласындағы хабтан дәрілік препараттар мен медициналық бұйымдарды жедел алу қағидаты бойынша ұйымдастырылған. Стационарлық және амбулаториялық емдеудге қажетті тапсырыстарды қабылдайды.

« Амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету шеңберінде медициналық ұйымдардың өтінімдері бойынша 6,7 млрд теңге сомасына дәрі-дәрмек келіп түсті. Бұл қаржы 2019 жылға қарағанда 22% - ға артық. 2021 жылы құны 9,4 млрд теңге болатын дәрі-дәрмектерге сұраныс жасалды. Медициналық ұйымдарда Сovid-19 емдеу хаттамасына кіретін негізгі препараттардың (антикоагулянттар, антибиотиктер, глюкокортикостероидтар) 2 айлық қоры жасақталды. Гуманитарлық көмек желісі бойынша 8 700 бір реттік қорғаныс костюмдері алынды», делінген облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хабарламасында.

Қазақстанда Ресей Федерациясы әзірлеген «Спутник V» вакцинасының өндірістік желісі іске қосылғаны белгілі. 2021 жылдан бастап тұрғындарды коронавирустық инфекцияға қарсы ерікті вакцинациялау жоспарлануда. Осыған байланысты қазір екпеге дайындық жұмыстары басталды. 79 дәрі мұздатқыш жабдық сатып алынады. Ендігі жылдың басында вакцинаға қатысатын адамдардың контингенті анықталады. Жалпы, облыста 2020 жылғы 3 сәуірден бастап COVID-19 індетінің 7 мың жағдайы тіркелді.

Бюджет қалай бөлінді?

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Вячеслав Дудниктің айтуынша, биыл өңірдің денса улық сақтау саласында 85 млрд теңге игерілді. Оның ішінде әлеуметтік сақтандыру қоры арқылы 67,5 млрд теңге, республикалық және жергілікті бюджеттерден 17,5 млрд теңге жұмсалды.

«Материалдық-техникалық жарақтандыру мақсатында облыстық бюджеттен едәуір қаражат бөлінді. Қазір 4 ірі стационар, атап айтқанда, облыстық аурухана, Қостанай және Рудный қалалық ауруханалары және облыстық фтизиопульмонология орталығы орталықтандырылған оттегі желісіне қосылған. Бюджет қаражатына жоғары дәлдіктегі оксигенация аппараттары сатып алынды. Жыл басынан бері компьютерлік томографтар, сандық рентген, ӨЖЖ аппараттарының бірнеше партиясы жеткізілді. Бүгінде облыс ауруханаларында 712 оттегі концентраторы бар. Денсаулық сақтау саласын қолдау шаралары келесі жылы да жалғасады. 2021 жылы денсаулық сақтау бюджеті 75,2 млрд. теңгені құрайды», - деп түйді ол.

Қостанай облысының Денсаулық сақтау басқармасы білікті медицина кадрларын дайындау үшін тиісті министрлікке жас мамандарды оқытуға өңірлік квотаны енгізу ұсынысын жіберді. Білімін шыңдаған дәрігерлер облысқа қайтып келуге міндеттеледі.


Соңғы жаңалықтар