Қостанай облысы әкімінің футболшыларды алдап кеткені рас па

None
None
ҚОСТАНАЙ.ҚазАқпарат – Архимед Мұхамбетов қостанайлық «Тобылдың» футболшыларына сыйақы тағайындаған жоқ. Бұл туралы команда капитаны Азат Нұрғалиев айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Тобылдың» ресми сайтына сілтеме жасап.

Әлеуметтік желілерде Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетовтің футболшыларды алдап кеткені туралы хабарламалар тарады. Осыған байланысты «Тобылдың» капитаны Азат Нұрғалиев пікір білдірді. Оның айтуынша, өңір басшысы футболшылардың күнделікті ұсақ-түйектерге алаңдамай, тек футболға назар аударуы үшін көп жұмыс жасаған.

«Осындай қиын уақытта басшылықтың қолдауынсыз күрделі міндеттерді шешу мүмкін емес екенін түсінеміз. Сол себепті ойыншылардың күнделікті ұсақ-түйектерге алаңдамай, тек футболға назар аударуы үшін көп жұмыс жасалды. Осы жетістікке Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетовтің қосқан үлесін ерекше атап өткім келеді. Біз Архимед Бегежанұлының қолдауын, тіпті қатаң карантин кезінде де, басқа клубтарда қаржылық проблемалар туындаған кезде де сезіндік. Маусым барысында жалақы мен сыйлықақылар әрдайым кідіріссіз төленді, бұл психологиялық тұрғыдан өте маңызды. Жақында интернеттен бізге екінші орын үшін сыйақы берілуі керек болғанын, кейін басшылықтың алдап кеткенін оқыдық. Мұндайдың бірі де болған жоқ! Дәл қазіргі уақытта командаластарымның біреуі де «Тобылға» қаржылық жағынан шағым айта алмайды. Келісім-шарт бойынша уақытылы жалақымызды алып отырдық», - дейді Азат Нұрғалиев.

Сондай-ақ, чемпионаттың соңғы турында Архимед Мұхамбетов «Тобыл» командасын вице-чемпиондық атағымен құттықтап, бейнебайланысқа шыққан.


Соңғы жаңалықтар