Қостанай облыстық кітапханасында зағип жандарға арналған бөлім ашылады

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қостанай облысының мәдениет басқармасы облыстық зағип жандарға арналған кітапхана оқырмандарының өтінішін орындады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Осыдан бірнеше жыл бұрын облыстық зағип жандарға арналған кітапхана оқырмандары ыңғайлы ғимарат іздеп, мәдениет басқармасынан жүгінген. Биыл бұл мәселе ретке келіп, зағип жандарға тиімді жағдай жасалады.

«Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес, облыстық біз өз қызметімізде қоғамның сұраныстарына сәйкес шешімдер қабылдап отырамыз. Соның бірі – Қостанай облыстық зағип жандарға арналған кітапхана оқырмандарынан түскен өтініш негізінде қабылданып отыр. Арнайы кітапхана қазіргі уақытта жалпы ауданы 58 шаршы метр болатын көп пәтерлі үйдің 1 қабатында орналасқан. 2020 жылдың 1 қыркүйегіндегі жағдай бойынша арнайы кітапхананың 603 тұрақты оқырманы бар. Оқырмандардың өтініштерінде кітапханада іс-шаралар өткізетін жағдайдың жасалмауы, ғимараттың аялдамалардан қашықтығы атап өтілді. Осыған байланысты арнайы кітапхананы Л. Толстой атындағы облыстық кітапханаға қосу туралы шешім қабылданды. Бұл жоба Мәдениет басқармасының ведомстволық бағынысты ұйымдарын оңтайландыру жөніндегі Жол картасына енгізілген», - деді облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов.


Л. Толстой атындағы кітапхана Қостанай қаласының орталығында төрт қабатты ғимаратта орналасқан. Кітапханада 80 орындық акт залы, қонақ бөлмесі, коворкинг-орталық, іс-шараларды өткізу үшін қажетті құрал-жабдықтар бар. Мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін көтергіш және шақыру түймесі, лифт қарастырылған. Ғимарат аялдамаларға жақын. Кітапханада көру қабілеті бұзылған оқырмандарға қызмет көрсету үшін арнайы бөлім құрылады.

Басқарма басшысының айтуынша, арнайы кітапханадағы штат саны қысқармайды. Оларға облыстық кітапханадан орын табылады.

«Біз арнайы кітапхананы облыстық кітапханаға қосу рәсіміне мұқият дайындалдық. Негізгі персонал өз бағыты бойынша жұмысын жалғастырады, ал көмекші санаттағы мамандар бос орындарға жұмысқа орналастырылады. Екі кітапхананы қосу кезінде Қазақстан Республикасы заңнамасының барлық нормалары сақталатын болады», - деді Е.Қалмақов.

Жалпы, облыста зағип және нашар көретін азаматтарға арналған кітапхана бөлімшелерінің желісі жасақталған. Атап айтқанда, Рудный қаласындағы арнайы кітапхана, Қостанай қаласындағы «Қазақ зағиптар қоғамы» қоғамдық бірлестігі жанындағы кітапхана және аудан-қалалардағы 15 кітапхана бөлімі жұмыс істеп тұр.


Соңғы жаңалықтар