Қостанай қаласының айналасында 7 блокбекет орнатылады
«Облыстағы блокбекеттер туралы айта кетсем деймін. Қостанай қаласының периметрі бойынша қазіргі таңда 7 блокбекет қойылады. Оның үшеуі орнатылып қойды. Жұмысқа дайын. Қалған төртеуін Қостанай ауданы орнатады. Бірінші блокбекет Қостанайдан шыға берістегі Веден тас жолында, яғни теміржол өткелінен 300 метр жерге қойылады. Екіншісі – Рудный қаласына бұрылатын жолдан 300 метр қашықтықтағы Қонай кентінде. Үшінші блок-бекет РФ бағытындағы Федоровск тас жолында», - деді Рүстем Каркенов Аймақтық коммуникациялық қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Сонымен қатар Қостанай қаласы әкімінің орынбасары тағы төрт блокбекет қайда орнатылатынын айтып өтті.
«Қостанай ауданы мынадай мекенжай бойынша блок-бекет орнатады: Қостанай-Чуковка тасжолы, Қостанай-Сарыкөл тасжолы, Қостанай-Меңдіқара тасжолы, Қостанай-Әулиекөл тасжолы. Бұл блокбекеттердің бәрі де қала шетінде тұратын азаматтардың жағдайын ескере отырып, орнатылып отыр. Яғни Тұғыл, Заречное, Мичурин кенттерінде тұратын азаматтардың көбі қалаға барып-қайтып жүр. Бүгін 22.00-ден бастап тәулік бойы барлық санитарлық бекеттер жұмысын бастайды», - деді ол.
Блокбекеттерде 2 медқызметкер мен 4 полиция қызметкері болады. Алдағы уақытта полиция қызметкерлерін әскери қызметшілер алмастырады.