Қостанай қаласында жерүсті жаяу жүргіншілер өткелі салынады

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов Қостанай қаласы мен Қарабалық ауданындағы әлеуметтік нысандарды аралады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыс әкімі алдымен Қарабалық ауданында болып, «Урнек-ЛА» ЖШС астық кешенімен танысты. Кәсіпорын астықты қабылдау, қайта өндеу, сақтау және кешенді салу бойынша қуаты жылына 30 мың тонна негізінде қызмет көрсетеді. Жобаның құны – 1,5 млрд теңге. Архимед Мұхамбетов серіктестік басшылығына астық сақтау кезінде барынша мұқият болуды тапсырды.

Кейін аймақ басшысы Қарабалық орталық аудандық ауруханасына барды. Айта кету керек, биыл ауруханада жылыту жүйесі ауыстырылды.

Аудандағы жұмыс сапарының соңында «Nur Otan» партиясының аудандық филиалында азаматтарды жеке қабылдады. Қабылдауға жазылған тұрғындардың басым бөлігі ТКШ мәселелеріне қатысты сұрақ қойды. Облыс әкімі әрбір өтінішті мұқият тыңдап, жауапты тұлғаларға тиісті тапсырмалар берді.

Аймақ басшысы Қостанай қаласындағы Индустриалды аймақ нысандарына инженерлік коммуникацияларды жүргізу барысын қарап шықты. Одан әрі Н. Назарбаев даңғылындағы жерүсті жаяу жүргіншілер өткелінің құрылысын тексерді. Бүгінде мұнда қаңқа орнату және цемент-бетон жұмыстары аяқталды.

Мердігердің айтуынша, жаңа жылға қарай осы нысанның қалған жұмыстары толығымен аяқталады. Қостанай қаласының әкімі Қайрат Ахметовке қала тұрғындарына ыңғайлы болу үшін жаяу жүргіншілер өткелінің кіре берісіндегі тротуар мен брусчатканы кеңейтуді тапсырды.

Күн аяғында «Юбилейный» шағын ауданындағы № 48-50 бес қабатты үйлер құрылысының барысы таныстырылды. Атаулы үйлер «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында іске асырылуда және келесі жылдың шілде айында пайдалануға берілмек.

Соңғы жаңалықтар