Көше атауын ауыстыруға бюджет қаржысы жұмсалмайды - Қостанай

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қостанай облыстық мәслихатының кезектен тыс сессиясында облыс орталығындағы көшелердің атауын өзгерту мәселелері қаралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Көше атауларын өзгерту жөнінде Қостанай облысы әкімдігі тілдерді дамыту бөлімінің бастығы Гүлжан Меңдекинова баяндама жасады.
«2019 жылғы 20 наурызда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұлықтау рәсімінде сөйлеген сөзінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тәуелсіз Қазақстан тарихындағы сіңірген еңбегін бағалауды атап өтті. Президент әр облыстың орталық көшелерінің бірін Ұлт көшбасшысының есімімен атау туралы ұсыныс жасады. Осыдан бастап Елбасының есімін қалалар мен аудандардың көшелеріне беру шаралары қолға алынды. Бұл эстафетаны біздің өңір де жалғастырды. «Соколов Сарыбай» кен байыту қоры, «Қостанай минералдары», «Баян сұлу», «СарыарқаАвтоПром» АҚ сияқты облыстың ірі қала құрушы кәсіпорындары, ауылшаруашылық зауыттарының басшылары, Қостанай автомобиль жолдары колледжінің ұжымы орталық көшелердің біріне Тұңғыш Президент есімін беру жөнінде жазбаша өтініш жолдады»,- деді Г. Меңдекинова.
Осы өтініштерге сәйкес, Қостанай қаласының әкімдігі мен мәслихаты Гагарин көшесін Н.Назарбаев даңғылы деп атап, Гвардейский көшесінің атауын Гагарин деп өзгерту жұмыстарын жүргізді. Тамыз айының басында облыс әкімдігінің ұсынысы республикалық ономастика комиссиясының отырысында қаралып, қолдау тапты. Бұл жиында облысқа белгілі дәрігер Дмитрий Герасимовтың есімін «Әуежай» шағын ауданындағы көшелердің біріне беру туралы ұсыныс та мақұлданды.
Гүлжан Меңдекинова көше атауларын ауыстыруға бюджеттік қаражат жұмсалмайтынын айтты.
«Бұл жұмыс демеушілік қаражат есебінен жүзеге асырылады. Жалпы сомасы 3 миллион теңгеден асады. Түйткілді мәселелердің бәрі шешілді»,- деп түйді басқарма басшысы.
Депутаттар бұл шешімді бірауыздан қолдады.


Соңғы жаңалықтар