Коронавирустың «омикрон» штамына тән белгілер қандай – эпидемиологпен сұхбат

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, коронавирустың «омикрон» штамын «дельта» штамымен салыстырғанда қауіп деңгейі төмен. Алайда оны жеңіл қабылдауға болмайды. Себебі, коронавирустың жаңа нұсқасы бұрын ауырған және вакциналанбаған адамдарға жұғуы мүмкін, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Алматы облыстық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Асхат Чарапиев ҚазАқпарат тілшісіне жаңа штамның ерекше белгілері туралы айтып берді.

– Асхат Сәкенұлы, «омикрон» штамының өзіне тән белгісі бар ма?

- COVID-19 бен «омикрон» штамының ерте белгілері кәдімгі суық тиюге ұқсайды. Инфекция жұқтырған адамдардың 90 пайызында дене қызуы 37,5°C-тан жоғары көтеріледі. Құрғақ жөтел пайда болады. Ентігу – 30%, шаршағыштық – 40%, кеуде тұсындағы ауырсыну – 20% жоғары.

Сондай-ақ «омикрон» штамын жұқтырған кезде бас пен бұлшық ет ауруы, мұрыннан су ағу, түшкіру, тамақ ауыру және қатты әлсіздік пайда болады. Сонымен қатар, конъюктивит, терге бөртпе шығу да осы жаңа штамға тән белгілер. SpO2 (өкпедегі қанның оттегіге қанығуы) төмендеп кетеді. Тәбеттің жоғалуы, иіс сезбеу, бас айналу, құсу, диарея болуы мүмкін. Бірақ, бұл белгілер өте сирек кездеседі.

– «Омикроның» ауыр халге түсіру қаупі бар ма?

- «Омикрон» штамы сырқаттың ауыр ағымын тудырмайды деп сенімді түрде айту мүмкін емес. Ол сирек кездеседі. Алайда, бұл дерек 60-80 пайызы вакциналанған Еуропа елдеріне тиесілі. Сондықтан нақты айту мүмкін емес. Біздің елде екпе алғандардың саны мұндай деңгейге жетпегендіктен, екпе алмағандар үшін ауру қиындап кетуі әбден мүмкін. Мұның себебі – бұл штамдағы мутациялар, олар бұрын әртүрлі комбинацияларда кездескен. Олар вирустың берілу қабілетіне және жұқпалылығына әсер етеді, яғни оның жұқпалылығын арттырады.

- Коронавирустың жаңа штамы қай жастағы адамдарға белсенді түрде беріледі?

- Вакциналанбаған адамдар, егде жастағылар және денсаулығы нашар адамдар коронавирустың «омикрон» штамын жұқтыру қаупіне көбірек ұшырайды. Әсіресе «омикрон» екпе алмаған адамдардың өміріне қауіп төндіреді. Вакцинацияның толық курсын алған адамдарда COVID-19 жеңіл түрде өтеді.

«Омикрон» штамына қарсы вакцинация қаншалықты тиімді?

- Ресейдің Н. Гамалей атындағы эпидемиология және микробиология ұлттық зерттеу орталығында әзірлеген «Спутник V» вакцинасы 75% тиімділікпен коронавирустың омикрон-штамымен күреседі. Бұл туралы ғылыми ұйымның жетекшісі Александр Гинцбург XVI халықаралық репродуктивті медицина конгресінде айтқан болатын.

- «Омикроннан» қорғану үшін не істеу керек?

- Жаңа штамды жұқтырмау үшін коронавирустың басқа штамдары сияқты профилактикалық шараларды сақтау ұсынылады. Бұл вакцинация, ревакцинация, жабық мекемені жүйелі түрде желдету, әлеуметтік қашықтықты сақтау, байланыстарды азайту, бетперде кию, антисептиктерді қолдану және қол гигиенасы.

– Сұхбатыңызға рахмет!


Соңғы жаңалықтар