Коронавирустан жазылғанның бәрі бірдей иммундық плазма доноры бола алмайды - Сәния Әбдірахманова

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанда коронавирусты емдеу үшін алғаш рет иммундық плазма донорларын қолдана бастады. Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығының директоры Сәния Абдрахманова ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында коронавирустан емделгендердің донор болуы және иммундық плазманы алу әдісіне қатысты бірқатар сұрақтарға жауап берді.

- Сәния Әлішқызы, елімізде коронавирусты емдеу үшін иммундық плазма доноры пайда болғаны туралы мәлімет тарады. Осы уақытқа дейін неше адам донор болып үлгерді?

- 13 мамырда коронавируспен ауырып жазылған екі адам плазма тапсырды. Өткен аптада коронавируспен ауырған тағы екі жас адам плазма тапсырды, бірақ олардың қан құрамында антидене жеткілікті мөлшерде болған жоқ, сондықтан оны ауруханаларға иммундық плазма ретінде бере алмаймыз. Ол қарапайым плазма ретінде қолданылады. Олардың қан құрамында антидененің аз мөлшерде болуы коронавирусты инфекцияның жеңіл түрімен ауырғанын білдіреді.

- Коронавирустан емделген адамдар ішінде иммундық плазма бергісі келетіндер көп пе?

- Иммундық плазма доноры болғысы келетіндер бар, бірақ көп емес. Біз бұқаралық ақпарат құралдары, әлеуметтік желілер, месенджерлер арқылы ақпарат таратып, азаматтардың көбін хабардар еткіміз келеді. Көбінесе осы дерттің жеңіл түрімен ауырғандар хабарласады. Олардың ішінде біздің тұрақты донорларымыз да бар. Оларға рахмет айтқымыз келеді, себебі олар біздің айтуымызсыз-ақ күнделікті өмірде келіп, қан тапсырады. Зерттеу жұмыстары көрсеткендей, антидене бәрінен бірдей табыла бермейді. Ауырған адамға құю үшін қан құрамында аниидененің көп болуы маңызды.

- Коронавирустан емделген адамның қаны иммундық плазма ретінде жарамды екені қалай анықталады?

- Донорларды стандартты түрде тексереді және қосымша міндетті түрде COVID-19-қа қарсы антидене бар-жоғын тексереді. Коронавирустан емделіп шыққандар ішінде антидене мөлшері көбі ғана донорлыққа жарайды.

- Коронавирусты емдеу үшін иммундық плазма қалай алынады?

- Плазма донордан арнайы аппарат - қан сепараторы арқылы алынады. Бұл процедура плазмаферез деп аталады. 40-60 минут ішінде донордан тек плазма ғана алынады, бір процедурада 400-600 мл плазма ала аламыз. Плазма алмас бұрын донорда коронавирусқа қарсы антидене бар-жоғын, қанша мөлшерде екенін анықтап алуымыз қажет. Одан кейін гемоглобинін, инфекция бар-жоғын (АИВ, гепатит, сифилис) анықтап, қан тобын, резус-факторын тексеріп, терапевтке қаратып аламыз. Плазманы алған сон инактивация жасалып, қолданысқа дейін қатырылып қояды.

- Қазақстанның барлық аймағында плазма тапсыру мүмкіндігі бар ма? Оны алу үшін қажетті медициналық құралдар жеткілікті ме?

- Еліміздің барлық аймағындағы қан орталығында плазма алуға қажетті барлық құрал бар.

- Адамның қан тобы коронавируспен ауыратын немесе ауырмайтынына әсер етеді деген ақпарат қаншалықты рас?

- Қан тобы коронавируспен ауыру-ауырмауға әсер етпейді. Бізге иммундық плазма тапсыру үшін келетіндер ішінде төрт қан тобындағы адамдар да бар. Алайда төртінші (АВ) қан тобындағы адамдар көп келсе жақсы болар еді, себебі осы топтағы адамның плазмасы кез келген адамға құюға жарамды.

- Сұхбатыңыз үшін рахмет!


Фото: Бауыржан Жуасбаев


Соңғы жаңалықтар