Коронавируспен күрестегі ынтымақтастық Қазақстан - Қытай серіктестігінің жарқын сәті болды – ҚР Президенті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейдің «Комсомольская правда» газетіне берген сұхбатында Қазақстан мен Қытай қарым-қатынасының негізгі жетістіктерін атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қытаймен ынтымақтастықты дамытуда Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев жемісті еңбек етті. Қазіргі уақытта екі мемлекет арасындағы қарым-қатынастар ұзақ мерзімді стратегиялық серіктестік деңгейіне жетті. Жоғары саяси деңгейдегі байланыстардың оң қарқыны қалыптасты. Былтыр қыркүйек айында Си Цзиньпинмен жүргізілген келіссөздер барысында екі ел арасындағы ынтымақтастықтың басым бағыттарын айқындайтын Бірлескен мәлімдеме қабылданды. Біз халықаралық және аймақтық ұйымдарда (БҰҰ, ШЫҰ, АӨСШК) тығыз жұмыс істейміз»,- деді Қазақстан Президенті.

Президенттің айтуынша, Қытай – Қазақстанның маңызды экономикалық серіктесі. 2019 жылы екіжақты тауар айналымы 14,5 миллиард долларға жетті.

«COVID-2019 пандемиясымен күрестегі ынтымақтастық пен көрсетілген өзара көмекті серіктестік тарихындағы жарқын сәт деп айтуға болады. Қазақстан Уханьға медициналық гуманитарлық көмек жіберді. Телефон арқылы сөйлескенімізде Төраға Си Цзиньпин «Дос басыңа іс түскенде танылады» деген мақалдың дәл осындай сәтте өзекті екенін айтты. Коронавирус толқыны Қазақстанға келгенде Қытай тарапы да дереу гуманитарлық көмек көрсетіп, Қазақстанға білікті мамандар тобын жіберді»,-деді - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұдан бөлек, сұхбат барысында Президент Орталық Азия, Қытай және Ресей халықтары ғасырлар бойы бір-бірімен белсенді сауда жасасып, рухани ілім-білімдерін алмасып келетінін, сондықтан Ұлы Жібек жолы аймақтың тарихи символына айналғанын атап өтті.

«Орталық Азияның геостратегиялық орналасуы мен оның ауқымды әлеуеті әлемдік қауымдастықтың және Қытайдың да назарын өзіне аудартып отырғаны сөзсіз. «Бір белдеу – бір жол» бастамасы Орталық Азияда тартымды жобаларды қолға алуға мүмкіндік берді. Олардың көпшілігі Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі мен Жібек жолы қорының көмегімен жүзеге асырылды. Әрине, «Бір белдеу – бір жолдың» құрлықтық құрамын Қытай мен Еуропаны, Таяу Шығысты байланыстырып отырған Қазақстан және аймақтағы басқа да елдерсіз елестету мүмкін емес. Қытайдан тартылған инвестиция мен екіжақты сауда көлемі тұрақты түрде өсіп келеді. 2018 жылы аймақтың бес еліне жинақталған Қытайдың тікелей инвестициясы 15 миллиард долларға жуықтады. Былтыр Орталық Азияның Қытаймен жалпы тауар айналымы 33 миллиард доллардан асты. Екі тарап та сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамытуға мүдделі. Сондықтан «Қытай экспансиясы» туралы пікір істің нақты жағдайына сәйкес келеді деп ойламаймын»,-деді деді Мемлекет басшысы.


Соңғы жаңалықтар