Коронавируспен күресіп, Еңбек Ері атанған дәрігердің марапаты жұбайына берілді

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігері марқұм Қалихан Қозбағаров пен медбике Құлай Егеубайдың наградалары жұбайы мен қызына тапсырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кеше Президент Қасым – Жомарт Тоқаев бірқатар медцина қызметкерлеріне мемлекеттік награда беру туралы Жарлыққа қол қойды. Бүгін облыстық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігері марқұм Қалихан Қозбағаровтың жұбайына Алтын жұлдыз бен «Отан» ордені табыс етілді. Сонымен бірге Байғанин аудандық ауруханасының медицина қызметкері Құлай Егеубайдың қызына «Құрмет» ордені тапсырылды.

«Осындай қиын қыстау кезеңде біздің дәрігерлер азаматтарымыздың өмірін аман алып қалу үшін ештеңемен санаспай ауыр дертке бетпе бет келді. Өкінішке қарай, бұл күресте біз алдыңғы қатарда тұрған медицина қызметкерлерімізден де айрылып қалып жатырмыз. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өмірінің соңына дейін борышын өтеген дәрігерлердің еңбегін жоғары бағалап, облыстық клиникалық инфекциялық аурухананың бас дәрігері Қалихан Есбосынұлы Қозбағаровқа қайтыс болғаннан кейін «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын беру туралы жарлыққа қол қойды. Бұл еліміз бен отандық денсаулық сақтау саласы үшін орны толмас қасірет«,- деді дәрігердің жұбайына Алтын жұлдыз бен «Отан» орденін табыс еткен облыс әкімі.

Айта кетейік, Қалихан Қозбағаров 40 жылға жуық уақыт бойы тынбай еңбек етті. 1985 жылы невропатолог-дәрігер болып қызмет атқарды. 1997 жылдан бастап Хромтау аумақтық - медициналық бірлестігінің бас директоры, 1999 жылдан бастап Хромтау аудандық денсаулық сақтау бөлімінің меңгерушісі, 2003 жылдан 2012 жылға дейін Хромтау орталық аудандық ауруханасының бас дәрігері болып еңбек етті. 2012 жыл желтоқсан айынан күні бүгінге дейін Ақтөбе облыстық инфекциялық аурухананың бас дәрігері қызметін атқарды.

«Жауапкершілігі жоғары адам болды. Ол тапсырма береді, бірақ бәрін қайта тексереді. Қолға алған істі соңына дейін жеткізетін. Алдымен өзім ауырдым, кейін Қалихан науқастанды. Үнемі ауруханада жүрді. Демалыс алмады. Жан-тәнімен өз мамандығына берілген жан еді», - дейді Қалихан Қозбағаровтың жұбайы Валентина Юрийқызы.

Байғанин аудандық ауруханасының медициналық қызметкері Құлай Егеубай қайтыс болғаннан кейін «Құрмет» орденімен марапатталған болатын. Марапат марқұмның қызына берілді.

«Анам 35 жыл медицина саласында еңбек етті. Абыройлы жан. Бұған дейін де еңбегі еленіп, марапатталған еді. 6 баланың аласы, Күміс алқа иегері. Аудан, ауылға танымал, мейірімді жан. Бәрі қазасына қатты қайғырды. Өзі ауырса да тыным таппады», - дейді Құлай Егеубайдың қызы Әсел Бақытжанқызы.


Соңғы жаңалықтар