Коронавируспен күрес: Пандемияда волонтерлер қалай жұмыс істеді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда волонтерлік ұйымдар мен топтардың саны 3 есеге артты және 180 мың тұрақты волонтерлер жұмыс істейді. Бұл туралы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Азаматтық қоғам істері комитетінің төрағасы Мадияр Қожахмет айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өздеріңіз білетіндей, 2020 жыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен «Волонтер жылы» деп жарияланды. Волонтер жылы Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы басты және маңызды оқиға болды және іс жүзінде волонтерлік сөзінің басымдығын дәлелдеді. Волонтерлік біздің азаматтарымыздың бір-біріне бауырмалдық, басқаларға және жалпы туған елдің тағдыры үшін жеке жауапкершілік сезімін оятып, үлкен нәтижелерге жеткізді. Бір күнтізбелік жыл ішінде волонтерлік қызметке қатысатын азаматтар мен ұйымдар санының тұрақты өсіп, іске асырылатын бағдарламалар мен жобалар ауқымының арта түскенін көріп отырмыз», - деді Мадияр Қожахмет Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Осы уақыт ішінде волонтерлік ұйымдар мен топтардың саны 3 есеге артып, 600-ден астам ұйымдар құрылған. Тұрақты волонтерлер саны бірнеше есе өскен және бүгінде 180 мыңнан астам адамды құрайды.

«Бүгін де волонтерлік бүкіл әлемді дүр сілкіндірген пандемия қаупіне қарсы тұратын маңызды факторлардың бірі болғанын сеніммен айта аламыз. Осы қиын кезеңде елімізде волонтерлік іске 500 мыңнан астам адам тартылды, бір миллионнан астам азаматқа әртүрлі көмек көрсетілді», - деп атап өтті спикер.

Спикердің айтуынша, волонтерлікті дамытудағы ең маңыздысы – мемлекет пен қоғамның бірге жұмыс істеуі.

«Біріншіден, «Birgemiz» волонтерлердің республикалық фронт-офисі және оның 17 өңірлік офистер сипатында волонтерлік қозғалысты дамыту үшін инфрақұрылым құрылды. Бұл барлық волонтерлік ұйымдар мен топтарын біріктіруге мүмкіндік берді. Сонымен бірге, волонтерлік саласындағы жаңалық деп QazVolunteer.kz бірыңғай платформасын атауға болады. Бүгінгі таңда 47 мыңнан астам волонтер мен 3 мыңнан астам ұйымды біріктірген бірыңғай ақпараттық ресурс алуан түрлі жобаларға ұйытқы болды», - дейді М. Қожахмет.

Екіншіден, «Birgemiz» жалпыұлттық жобасы аясында 7 бағыт бойынша (Сабақтастық, Саулық, Таза әлем, Асыл мұра, Қамқор, Білім, Үміт) волонтерліктің тұтас жүйесі қалыптасқан. Аталған бағдарламалар 7 мыңнан астам волонтерді қамтып, волонтерлер қозғалысының айқындаушы векторы болды.

Азаматтарға кеңес беруге 3,5 мыңнан астам волонтер – заңгерлер, адвокаттар, нотариустар және заң факультеттерінің студенттері қатысып, олардан 7,5 мың адам кеңес алған.


Соңғы жаңалықтар