Коронавируспен күрес: Дәрі-дәрмек қоры көбейіп, бақылау күшейді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Еліміздің медицина ұйымдарын дәрі-дәрмекпен үздіксіз қамтамасыз ету мәселесі Үкіметтің ерекше бақылауына алынғаны белгілі. Әлем елдерінде коронавирусқа қатысты жағдайдың ушығуы салдарынан дәрілік заттар нарығына айрықша назар аударылып отыр.

Өздеріңіз білетіндей, коронавирус инфекциясын жұқтырғандар санының өсуіне байланысты маусым айының соңы мен шілде айының басында дәрі-дәрмек тапшылығы болды. Бұл тапшылық бөлшек сауда желісінде көрініс тапты.

ҚР ДСМ санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті төрағасының орынбасары Нұрлыбек Асылбековтың айтуынша, нарыққа дәрі-дәрмекті әкелуді әрі оны қолжетімді ету үшін министрлік рұқсат беру құжаттарын беру рәсімдерін жеңілдетті.

«Сонымен қатар, коронавирустың ықтимал екінші толқыны жағдайында өңірлерде сұранысқа ие дәрілік препараттарды сатып алу үшін көтерме дистрибьюторларға қайтарымды негізде қаражат бөлу тұрғысында тұрақтандыру қорлары ұйымдастырылды. Бұдан басқа, Фармацевтикалық бақылау комитеті өңірлердегі көтерме дистрибьюторларда, бөлшек саудада неғұрлым сұранысқа ие дәрілік заттардың, медициналық заттардың болуына мониторингті тұрақты негізде жүргізіп отыр», - деді комитет өкілі Орталық коммуникациялар қызметінде.

Осы орайда мониторинг нәтижелерін талдау барысы биылғы 15 шілдеден 9 қарашаға дейін көтерме сауда қоймалары мен дәріханаларда антибиотиктер 3,9 есе, вирусқа қарсы препараттар 3,2 есе, антикоагулянттар 32 еседен астам, маскалар 2,3 есе және басқа да дәрілік заттар қорының өсуін көрсетті.

«Қазіргі кезде дәріханаларда халықтың дәрілік заттарға қажеттілігін қамтамасыз ету үшін препараттар жеткілікті», - деді Асылбеков Нұрлыбек.

Айта кетейік, Мемлекет басшысының дәрі-дәрмек бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу тапсырмасын орындау мақсатында дәрілік заттардың бағасын бақылауды қамтамасыз ету тұрғысында облыстар мен республикалық маңыздағы қалаларда мониторингілік топтар құрылды. Олардың құрамына біздің комитеттің аумақтық бөлімшелерінің, жергілікті атқарушы әрі құқық қорғау органдарының өкілдері енгізілді. Мониторингілік топтармен 1640-тан астам дәріхана қамтылып, шекті бағадан асып сатылған дәрілік заттардың 199 атауы анықталды.

Биылғы 15 шілдеден 9 қарашаға дейін 174 млн теңге сомасына шекті бағаның артуының 876 фактісі, 39,4 млн теңге сомасына дәрілік заттарды заңсыз өткізудің 347 фактісі анықталды. Мұнымен қоса, 1223 әкімшілік хаттама толтырылып, 213 млн теңгеден астам сомада айыппұл салынды. Заңсыз айналымнан 10 млн-нан астам дәрі-дәрмек пен медициналық заттар алынды.

«СҚ-Фармация» есеп берді

Сонымен қатар, Орталық коммуникациялар қызметінде «СҚ-Фармация» ЖШС-ның басқарма төрағасы Ерхат Есқалиев коронавирусқа қарсы препараттармен қамтамасыз ету жайында баяндады.

«Ведомствоаралық комиссияның тапсырмасы бойынша коронавирустың жаңа толқынына дайын болу үшін елдің барлық медициналық ұйымдарында айлық қорды қалыптастыру туралы шешім қабылданды. Қазіргі кезде Бірыңғай дистрибьютор 20 млрд теңгеден астам сомаға 91 түрлі дәрі-дәрмек жөнелтті, оның орны жедел түрде толтырылуда», - деді Е. Есқалиев.

Пневмония, КВИ-ге шалдыққан науқастарды антибиотиктермен және қызуды түсіретін тегін амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету ұйымдастырылды. Осы орайда 5 атау – қызуды түсіретін Парацетамол және Ибупрофен препараттары, Ривароксабан, Апиксабан және Дабигатран антикоагулянттары қамтылған. Шамамен 2 млрд теңге сомасына 1 млн адамды қамту жоспарлануда.

КВИ-дің ықтимал жаңа толқынына дайындық мақсатында Бірыңғай дистрибьютор COVID-19 бойынша дәрілік заттардың екі айлық қорын (төмендетілмейтін қор) қалыптастырды.

«Стационарларда айына 60 000 пациентті COVID-19 короновирустық инфекциясынан емдеу үшін дәрі-дәрмектердің 44 атауы сатып алынуда. Препараттардың бұл топтары бір-бірін алмастырады және дерттің ауырлығына байланысты емдеуші дәрігер тағайындайды. Қазіргі уақытта COVID-19-ға арналған дәрілік заттардың 44 атауынан 39 дәрі-дәрмек сатып алынды. Гуманитарлық көмек аясында қажетті дәрі-дәрмектерді жеткізу мәселесі қосымша пысықталуда», - деді Ерхат Есқалиев.

Төмендетілмейтін қор көлемі бекітілген кестеге сәйкес Бірыңғай дистрибьютордың 4 хабына жеткізіледі.

Мұнымен қоса, «СҚ-Фармация» басшысы өңірлерде дәрі-дәрмек қорына қатысты мониторинг жүргізілгенін айтты. Биылғы қазан айының екінші онкүндігінен бастап Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында, сондай-ақ барлық 14 облыс орталықтарында жұртшылықтың, БАҚ-тың қатысуымен дәрілік заттардың, оның ішінде 2 айлық төмендетілмейтін қордың болуына мониторинг жүргізді. Медицина қызметкерлеріне арналған жеке қорғану құралдарын жергілікті атқарушы органдар Үкімет резервінің қаражатынан дербес сатып алды және 3 айлық қор құрылды. Жергілікті атқарушы органдар тұрақтандыру қорлары қаражатынан қосымша жеке қорғану құралдарын сатып алды.

Оның айтуынша, Үкімет халықты тегін амбулаториялық және стационарлық көмек деңгейінде де, бөлшек сауда деңгейінде де сұранысқа ие препараттармен қамтамасыз ету бойынша барлық мүмкін шараларды қабылдауда. Үкіметтің қаулысымен (23.07.2020 ж. №468) «СҚ-Фармация» ЖШС-іне дәрілік заттарды кейіннен бөлшек сауда желісінде сату үшін көтерме саудада сатып алу бойынша өкілеттіктер берілген.

«Әкімдіктер КВИ-дің ықтимал жаңа толқынына дайындық тұрғысында және бөлшек сауда дәріханаларда препараттардың тапшылығын болдырмау үшін Бірыңғай дистрибьютор порталында дәрілік препараттардың тапшы 33 атауы бойынша 3,1 млрд теңге сомасына (2 айлық қажеттілікке) өтінім берді. Көлем әкімдіктердің өтініміне сәйкес 17 өңірдегі Бірыңғай дистрибьютордың операциялық қоймаларында қалыптастырылады», - деді Е. Есқалиев.

Оның сөзіне қарағанда, өңірлер әкім орынбасарларының қол қоюымен шалғай аудандарда филиалдық желісі бар 1 163 бөлшек сауда дәріханаларының желісін ұсынды, олар арқылы интервенция жүзеге асырылатын болады. Осылайша, дәріханалардың бөлшек сауда желісінде тауарлар тапшы болған жағдайда өңірлердің жөнелтуге рұқсат қағазы негізінде тиеп-жөнелту басталатын болады.


Соңғы жаңалықтар