Коронавирусқа қарсы вакцина жүктілікке әсер ете ме

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қалалық Перинаталдық орталығының гинекологы Әсел Омарқұлова онлайн брифингте вакцинаның бірінші компонентін алған және жүктілік туралы кейін білген әйелдерді еш алаңдамауға шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Егер әйел вакцинаның бірінші дозасын алып, жүкті екенін білсе, мұнда қорқатын ештеңе жоқ. Ол екінші дозаны алу үшін медициналық көмекке жүгінеді. Жүкті әйелдерді вакциналау мәселесі бүгінде әлемде талқыланып, қарастырылып жатыр. Жүктіліктің алғашқы үш айында егжей-тегжейлі скринингтік зерттеуден, УДЗ-ді 11-13 апта аралығында өту керек», - деді Әсел Омарқұлова.
Ол медицинада ана мен ұрықтың өмірін сақтап қалу үшін жүктілік кезінде вакцина алудың көптеген мысалы бар екенін тілге тиек етті. Себебі жүкті әйелдерде де коронавирус инфекциясын жұқтыру қаупі бар.
«Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жүкті әйелдерге коронавирусқа қарсы вакцина алуды ұсынады. Вакцина ұрыққа ене алмайды және оған вирус жұқпайды, ана сүті де вирустан таза болады», - деді дәрігер.
Оның айтуынша, жақын арада жүктілікті жоспарлап отырған әйелдерге КВИ-ге қарсы вакцина алу қажет. Сонымен қатар, жүктілікті вакцинаның екінші компонентін алғаннан кейін бір айдан кейін жоспарлаған жөн.
«Вакцинация жүктілікке немесе репродуктивті жүйеге ешқандай әсер етпейді. Біздің елде жүкті және бала емізетін әйелдерге екпе салу туралы әлі айтылған жоқ. Дәрігерлер препаратты әзірлеушілер жүргізген клиникалық зерттеулердің ресми нәтижелерін күтуде. Ұсынымдар түсе салысымен ешкім вакцинаны дереу қолданбайды. Бәрі қауіпсіз жағдайда әрі өз ретімен жасалатын болады», - дейді спикер.


Соңғы жаңалықтар