Коронавирусқа қарсы иммунитет қалай қалыптасады – дәрігермен сұхбат

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы Фтизиопульмонология орталығының жұқпалы аурулар бөлімінің меңгерушісі, пульмонолог Абзал Малбасқанов ҚазАқпарат тілішісіне адам ағзасында коронавирусқа қарсы тұрақты иммунитеттің қай жағдайда қалыптасатынын және инфекциялық ауру кезінде антидененің рөлі туралы айтып берді.

– Егер антидене анализі оң нәтиже берсе, адам ағзасы коронавирустан қорғалған деген сөз бе?

– Инфекциялық процесс антидененің екі түрін өндірумен қатар жүреді. Бұл – IgM және IgG. Иммуноглобулин (M) (бұдан әрі IgM) ол инфекция басталған кезде дамиды. Аурудың өткір кезеңінде максимумға жетеді, содан кейін біртіндеп азаяды, жазылғанша толық жоғалады. Иммуноглобулин (G) организмде вирус пайда болғаннан кейін 21-28 күн өткен соң өндіріле бастайды.

Бірақ қазір бүкіл әлем ғалымдары титрдың төмендеуін, сондай-ақ COVID-19 антиденесінің санын бақылап отыр. Егер адамда коронавирустың жеңіл түрі болса, онда антидене организмде ондай титрде болмайды.

Иммунитет үш түрге бөлінеді. Қысқамерзімді, ұзақмерзімді және өмір бойғы. Бізде вирусқа қарсы қандай иммунитет бар-жоғын зерттеу қажет. Бұл уақыт еншісінде.

Бүгінгі күні барлық ғалымдар титр азаяды және өмір бойғы иммунитет қалыптаспайды деген пікір білдіруде. Себебі бұл вирус мутацияға ұшырауы мүмкін. Уханьда өлім-жітім 3%-ға дейін болғанын еске түсірейік. Ал Италияда вирус мутацияға ұшырап, адам өлімі 5-6% дейін өсті.

Егер адам ауырған болса, оның денесінде бұл вирус туралы ақпарат қалады және оны қайтадан жұқтыруы мүмкін. Бірақ генетикалық материалдың негізгі құрылымдары жасушалық иммунитет деңгейінде болады.

– Адамның иммунитеті мен қан тобы инфекцияға әсер ете ме?

– Мұны ғалымдар растаған жоқ. Біз сондай-ақ науқастарды бақылауға тырыстық және қан тобын алдық. Әртүрлі қан болды. Мынандай қан тобындағылар ауырмайды деп кесіп айтуға болмайды. Себебі біз бәріміз адамбыз. Бәріміздің генетикалық құрылымымыз бірдей, дегенмен әркімнің қан тобы әртүрлі.

Денсаулықты сақтау салауатты өмір салтын ұстануға байланысты. Аурудан айыққан кей адамдар ескі әдетімен өмір сүре бастайды. Денсаулыққа зиян тағамдар мен түрлі сусындарды тұтынады. Бұл дұрыс емес.

Коронавирус аутоиммунды ауру ретінде жүретіндіктен, күшті иммунитет те жақсы емес. Көпшілігі «цитокин дауылынан» зардап шегеді. Ағза тез жауап бергенде, қабыну пайда болады. Осы кезде біз иммундық жүйені гормондар мен дәрілердің көмегімен тыныштандыруды бастаймыз. Әр адамның ағзасы әртүрлі әрекет етеді.

Кейбіреулер үшін аурудың ағымы өте тез жүреді. Бұл иммундық жүйенің күрт реакция жасағанын көрсетеді. Кей науқастарда ауру классикалық нұсқаға сәйкес кезең-кезеңімен жүреді, тіпті симптомсыз өтуі мүмікін.

– Бүгінде коронавирустың алдын алу үшін маска тағу - ең негізі амал болып тұр, бұдан басқа сақтану жолы бар ма?

– Бұл - пандемия кезіндегі әлеуметтік жауапкершіліктің ең өткір мәселесі. Себебі, адамдар коронавируспен ауырдым және маған енді жұқпайды деп ойлайды. Алайда олардың басқаларға жұқтыру қаупі әрқашан бар. Бір рет ауырған адамдардың қайтадан ауыру қаупі бар екенін айтқым келеді. СОVID-19-ды қайта жұқтыру қаупі жоқ деген сөзге ғылыми дәлел жоқ.

– Жасыратыны жоқ, бір масканы бірнеше күн тағатындар да бар, оларға не айтар едіңіз?

– Бір масканы екі сағаттан артық тағуға болмайды. Матадан жасалған маскалар бар. Оларды ұзақ қолдануға, қайтадан жуып, дезинфекция жасап, қайтадан таға беруге болады. Респираторлық клапаны бар маскадан гөрі толық жабылып тұратын түрі әлдеқайда тиімді. Егер адам ауырып тұрса немесе вирус тасымалдаушы болса, онда ол шығаратын ауа атмосфераға түсіп, келесі адамға жұғуы мүмкін.

- Сұхбатыңызға рахмет!


Соңғы жаңалықтар