Коронавирусқа қарсы дәрі-дәрмектің 48% Қазақстанда өндіріледі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету көрсеткіштерін баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Елдің фармацевтикалық нарығында бірыңғай дистрибьютор арқылы дәрі-дәрмек сатып алу үлесі ақшалай мәнде 42,4% құрайды. Ал отандық тауар өндірушілердің (ОТӨ) үлесі ақшалай мәнде 17% болып, заттай мәнде нарықтың 39% қамтамасыз етті. Соңғы жылдары отандық тауар өндірушілер экспортының 4,3 есе артқаны байқалады, оның 57,2% Ресейге, 32% - Қырғызстанға экспортталады», - деді министр.

Сонымен бірге, жергілікті дәрі-дәрмек өндірушілерді қолдайтын басты шара – олармен 10 жылға дейінгі ұзақ мерзімді келісімшарттар бекіту.

«2009-2020 жылдар кезеңінде бірыңғай дистрибьютордың сатып алуы аясында дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың 5 042 атауын жеткізу үшін 88 ұзақ мерзімді шарт жасалды. 10 жыл ішінде Отандық тауар өндірушілер тауары 312,4 млрд теңгеден астам сомаға сатып алынды. Бірыңғай дистрибьютор сатып алатын көлемнің 30% отандық тауар өндірушілерден алады. COVID-19 дәрі-дәрмегінің 48% ел ішінде өндіріледі», - деді А. Цой.

Дәрілік заттарды тіркеу кезіндегі сараптама жеделдетілді. Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың сапасы бағалау процедурасы 3 жұмыс күнінде жүргізіледі. ТЖ жағдайында сырттан келетін дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды алу жеңілдеді.


Соңғы жаңалықтар