Коронавирус жұқтырғандармен байланыста болған адамдардың тізімі жасалуда

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада коронавирус жұқтырған 14 науқаспен байланысқан адамдардың тізімі жасалуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова айтты.

«ЖРВИ-мен елордада стационарда жатқан әйелдің отбасындағы бір адам Германиядан келген болатын. Байланысқан адамдар ретінде оны бақылауға алдық. 16 наурыз күні әйелдің бойынан клиникалық белгілер байқалғанда, бірден ауруханаға жатқызылып, тексерілді. Бүгін коронавирустық инфекция анықталды», - деді басқарма басшысы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте

Ал Оңтүстік Корея мен Италиядан келген 4 қазақстандық та 16 наурызда рейстен түсіріліп, оқшауланған. Енді олармен байланысқан адамдардың тізімі жасалуда.

«Қазіргі уақытта эпидемиологиялық шаралар жүргізіп жатырмыз. Яғни, науқастармен байланысқан адамдарды анықтаймыз. Кейінірек, байланыста болған адамдардың санын, жасы мен жынысын толық хабарлаймыз», - деді С. Қисықова.

Оның айтуынша, 14 адамның бесеуі қаладағы инфекциялық блоктың стационарында жатқан. Қалған 9 адам да бүгін ауруханаға жатқызылды.

«Олардың барлығы – Қазақстан Республикасының азаматтары. 5 адам еліміздің өзге өңірлерінің тұрғындары, бір адам – Нұр-Сұлтанда уақытша тұрып жатқан, қалғаны – елорда тұрғындары», - деді С. Қисықова.

Айта кетейік, Нұр-Сұлтанда коронавирус бойынша тағы 14 жаңа науқас тіркелді.

Бұған дейін басқарма басшысы коронавирус жұқтырған 14 жаңа науқастың жай-күйі туралы айтып берді.

Осылайша, қауіпті індетпен ауырғандар саны 27-ге жетті. Оның ішінде 16 жағдай - Нұр-Сұлтанда, 11 факті - Алматыда тіркелген.

Сондай-ақ, Қазақстанда төтенше жағдай жарияланып, азаматтардың 15 сәуірге дейін ел аумағынан шығуына тыйым салынды.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ел халқына үндеу жолдады.



Соңғы жаңалықтар