Коронавирус жұқтырғанда үрейге салынуға болмайды – дәрігер

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның репродуктивті медицина қауымдастығының президенті, профессор Вячеслав Локшин COVID-19 туралы жұртшылықты алаңдатқан сұрақтарға жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«COVID-19 – SARS-CoV-2 деп аталатын жаңа коронавирус тудыратын ауру. Вирустар сыртқы ортада тұрақсыз келеді. Олар 56 градустан жоғары температурада және хлороформ, формалин, этил спирті немесе эфирдің әсерінен бірден жойылады. Коронавирус мұздатуға да төзімді. Құрамында РНҚ бар SARS-CoV-2 – өте ерекше вирус. Ол түрлі клиникалық белгілерді тудырады. Бұл тұмау вирусына қарағанда анағұрлым жұқпалы. COVID-19 науқастарының көпшілігінде жеңіл немесе орташа белгілер байқалады, олар арнайы ем-домсыз жазылады. 65 жастан асқан адамдарда ауру күрделірек өтеді, көбінесе пневмонияға ұласады. Тұмау вирусы да пневмония тудыруы мүмкін. Бірақ тұмау вирусы өкпе тінінің қабынуына әсер етеді, ал коронавирус – қан тамырлары деңгейінде әрекет етеді, қанның ұйығыштығын бұзады. Тұмау вирусымен салыстырғанда коронавирус балалар мен жастарда сирек, ал егде жастағыларда жиі кездеседі», - дейді Вячеслав Локшин.

Дәрігер коронавирус инфекциясы расталған жағдайда үрейленбеу керектігін атап өтті. Дүрбелеңнен иммунитет әлсірейді. Оның пікірінше, қазір коронавирус туралы ақпарат көбейді. Дәрілік ем-дом бастапқы пандемияға қарағанда жеңілірек өтуде.

Вирустық инфекция жұқтырғанда Парацетамол, Аспирин сияқты қабынуға қарсы препараттардан басқа дәрі-дәрмек қабылдаудың қажеті жоқ. Оның айтуынша, тұмау вирусы мен коронавирусқа әсер ететін нақты препарат жоқ. Қолданыстағы препараттардың тиімділігі дәлелденген жоқ.

«Ең бастысы – ыстық сусындар мен қызуды басуға арналған парацетамол ішу қажет, төсек режимі, ауаны желдету, Д дәрумені, мырыш және мультивитаминдер кешенін қабылдау керек. Өкпе қабынып, асқыну байқалса бактерияға қарсы препарат тағайындау қажет болуы мүмкін. Алайда мұндай дәрі-дәрмекті тек дәрігер белгілейді», - деді ол.

Сұхбат барысында Вячеслав Локшин ауру меңдеген жағдайда қанның ұю жүйесі мен бауыр қызметін тексеру керектігін түсіндірді. Қант диабетімен ауыратын науқастар да аурудың қалай өрбитінін бақылауы керек.

«Вирус қан тамырларына және қанның ұюына әсер етеді, сондықтан микротромбоз процесі жүретіні және органдардың, бауырдың, өкпенің, бүйректің және тіпті мидың қызметі бұзылатыны дәлелденді. Сондықтан терапияға қан ұюға қарсы антикоагулянттар қосылады», - деп қорытындылады доктор.

Сонымен бірге дәрігер тұрғындарға тұмауға қарсы екпе жасауға кеңес береді. 65 жастан асқан адамдарға пневмококк вакцинасын жасау ұсынылады.

«Карантин әлі аяқталған жоқ. Сондықтан, қоғамдық орындарда маска тағу, қашықтықты сақтау, қол мен беттің гигиенасын есте сақтау қажет», - дейді Вячеслав Локшин.


Соңғы жаңалықтар