Коронавирус жұқтырған ақтөбелік санитария қызметкерлерімен бір ғимаратта жұмыс істеген

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе облысында коронавирус инфекциясын жұқтырудың үшінші жағдайы анықталды. Науқастың жұмыс орны Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментімен бір ғимаратта орналасатыны анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Індетке шалдыққан үшінші науқас Алматы арқылы Мысырдан келген.

«Ол – жеке кәсіпкер. Оның жанында 12 адам жұмыс істеген», - деді облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Нұрсұлу Беркімбаева тікелей эфирде.

Айта кетейік, кәсіпкердің жұмыс кеңсесі облыстық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінде, яғни бір ғимарат ішінде орналасқан. Сондықтан 31 наурыз күні науқас тұрған үйдің подъезімен қоса, жұмыс орны да залалсыздандырылды.

Департаменттің баспасөз қызметінің мәліметінше, науқаспен жақын қарым-қатынаста болған 23 адам оқшауланып, жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылды. Сынамалар алынды. Тағы 206 адам үй карантиніне жатқызылды. Науқас тұратын үй дезинфекцияланып, подъезд карантинге жабылды.

Қазіргі уақытта ақтөбеліктің жағдайы қанағаттанарлық. Тиісті хаттамаға сәйкес ем тағайындалды.


Соңғы жаңалықтар