+7 (701) 759 90 19
USD 419.69 EUR 510.89
RUB 5.63 CNY 64.82
Jańalyqtar

Коронавирус тұрғын үй құрылысын тежеген жоқ – астананың бас сәулетшісі

2020 жылғы 29 қараша 17:00
Бөлісіңіз:
Коронавирус тұрғын үй құрылысын тежеген жоқ – астананың бас сәулетшісі

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Құрылыс саласына коронавирус індеті қалай әсер етті? Осы және өзге де сұрақтарға Нұр-Сұлтан қаласы сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы Нұрлан Ұранхаев жауап берді.

Ұқсас жаңалықтар
Алматының ІT архитектура жоспары бекітілді Өмірзақ Шөкеев Түркістанда жүргізіліп жатқан құрылыс нысандарын аралады Төлеби ауданында спорттық нысандар бой көтереді

- Нұрлан Телманұлы, пандемия салаға қалай әсер етті? Бұрынғы жағдай қайталанып, үлескерлер проблемаға тап болмай ма?

- Мұндай тәуекел қазіргі кезде жоқ десек те болады. Карантиннің кезде де құрылыс алаңдарында жұмыс жалғасты. Жыл басында 3 млн шаршы метрді тапсыру жоспарланған еді. Осы орайда коронавирусқа қатысты ахуалды ескерсек, бұл рекордты көрсеткіш болып тұр. Былтыр 1 млн 700 мың шарты метр тұрғын үй пайдалануға берілді.

- Биыл құрылысы аяқталмауы мүмкін нысандар бар ма?

- Бастапқыда Әбу-Даби плаза нысанын биылдың соңына қарай аяқтау жоспарланған еді. Бас мердігердің хабарлауынша, карантин шараларына байланысты оның құрылысы 2021 жылы толықтай аяқталады. Бізге байланысты емес көп жағдайлар бар.

Коронадағдарыс салдарынан ұшақтар қатынасы тежелгенін білесіздер. Қаздрамтеатр маусым айында тапсырылуы керек еді, алайда мамандар басқа елдерден сапарлап келе алмағандықтан, нысанды пайдалануға беру мерзімі жылдың соңына шегерілді.

- Нұр-Сұлтан қаласының даму жоспары қандай? Шаһардың ауқымы ары қарай өсе ме?

- Жаңа бас жоспар халықтың қазіргі өсіміне байланысты қажет болып тұр. Үкімет қаулысымен қабылданған бас жоспарда 2030 жылға қарай елорда тұрғындары 1,2 млн болатыны қарастырылған еді.

Алайда бұл көрсеткішке тұрғындар саны 10 жыл бұрын жетіп қалды. Инженерлік желілер, жолдар, әлеуметтік нысандар осындай көлемге есептелмеген.

Сондықтан қазіргі көрсеткіштерді ескере отырып, алдағы жылы елорданың жаңа бас жоспарын әзірлеу басталады. Қала өзінің шекарасы аумағында дамытылады.

- Әлеуметтік желілерде «жер жетеді, басқа аумақта құрылыс жүргізілсін» деген ұсыныстар жасалып жатады. Бұл жайында не айтар едіңіз?

- Бос тұрған жазық жерлерге құрылыс жүргізе алмаймыз. Ол жерлерде құрылыс бастағанның өзінде, сусыз, жылу мен өзге де коммуналдық желілерсіз қалай өмір сүруге болады? Сондықтан қаланың іші тығыздалады, бұл өз кезегінде ірі қалаларда іске асырылатын қалыпты тәжірибе.

Кез келген құрылыс бекітілген нормативтер мен ережелерге сәйкес жүзеге асырылады. Әлеуметтік желілерде құрылыс салынатын орындар дұрыс таңдалмады немесе заңға қайшы деп меморгандарды айыптау модаға айналған секілді.

Бұл тұрғыда бас жоспар бар, егер де заң талаптары бұзылса, онда құқық қорғау органдары тексеруді бастайды. Сондықтан күдік болса, құзырлы органдарға, сотқа жүгіну керек. Барлық шаралар қолданыстағы заңмен регламенттелген.

Әлеуметтік желіде инвестициялық жобалардың эскиздерін жариялаған кезде, «неге бюджет қаржысын жұмсап жатырсыздар, осы қаржыға басқа нысан салыңдар» деген уәж айтылып жатады. Бұл мәселеге қатысты айтарым, егер жеке инвестиция болса, оған мемлекеттік қаржы қарастырылмаған. Бизнес өз қаражатын қайда салатынын өзі таңдап, тәуекелдерді есептейді.

- Алдағы уақытта қаладағы қай аудардар дамытылатын болады?

- Белсенді түрде игерілетін аудандарға тоқталсақ, Мыңжылдық аллеясы, «Метро» сауда орталығы маңындағы Қарағанды жолының оң жағы, Мәңгілік Ел даңғылы, Тұран даңғылының батыс бөлігіндегі аумақ, Тельман алабының оң жағы, сондай-ақ Асан қайғы көшесі бойындағы жұмыстар қамтылады.

Тұрғын үй кешендерінің, мектептердің, балабақшалардың, ойын-сауық орталықтары мен басқа да нысандардың құрылысы жоспарланған. Мысалы, «Хан шатырдан» ары қарай орналасқан аумақты тиісті инфрақұрылыммен туристік кварталға айналдыру ескерілген.

Атап айтқанда, қаланы тұрғындар үшін жайлы ету мақсаты көзделген. Бұл даму стратегиясы алдағы 10 жылға ескеріліп отыр. Осы бағытта қозғалысты ұйымдастыруға, жаяу жүргіншілердің, велосипед мінгендердің қауіпсізсіз жүруіне, сондай-ақ қоғамдық көліктерге қатысты шаралар іске асырылады.

Мектептердегі орын тапшылығы қалай шешіледі?

- Бұл мәселе бір күнде шешілмейтіні анық. Инфрақұрылымды салу шаралары көші-қон үрдісіне ілесе алмай келеді. Биыл 12 мектептің құрылысы басталды.

- Ботаникалық бақтағы құрылысқа қатысты түсінік бере аласыз ба?

- Бас жоспарда халыққа қызмет көрсету нысандарын орналастыру үшін алаңдар қарастырылған. Яғни осының барлығы 2016 жылы жоба пысықталған кезде ескерілген болатын. 2014 жылы қоғамдық тыңдаулар өткізілді. Осы орайда мемлекеттік сараптамадан өтті. Бұл мәселеге қатысты Экология министрлігі түсінік берген еді, бақтың айналасында инфрақұрылымды дамытуға заңнамалық тұрғыда шектеу жасалмаған.

Әлемдік тәжірибеге тоқталсақ, осындай аумақтардың айналасында спорт орталықтары және басқа нысандар салынады.

- Сәулет саласын цифрландыру қалай жүріп жатыр?

- Сәулет және жер қатынастары саласын цифрландыруға ерекше екпін қойылған. Қазіргі кезде барша инженерлік желілерді, жер телімдерін, үйлерді цифрландырудан өткізіп жатырмыз. Бізде әр үй, әр жер телімі мен қаланың аудандары бойынша тиісті карта болады. Осы жұмыстар жыл соңына дейін аяқталады.

Бұл тұрғыда жерді заңсыз иемдену, бөтеннің жер теліміне құрылыс салу, жер телімін мақсатымен игеру жағдайлары анық көрінетін болады. Қағаз жұмыстарынан құтылып, мемлекеттік қызметтер онлайн іске асырылады.

- Елорда төңірегін дамыту шаралары аясында қандай жұмыстар ескерілген?

- 2023 жылға дейінгі кешенді жоспарда қала төңірегін дамыту қарастырылған. Бұл ретте қала халқының 25 пайызы тұрып жатқан 16 тұрғын алабы қамтылады. Жоспарда жолдарды жөндеу, төрт дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы, қоғамдық кеңістіктер жерлерінде құрылыс жұмыстары, ауланы абаттандыру ескеріліп отыр. Жұмыстардың бір бөлігі биыл басталды және оны жалғастырамыз. Талдыкөл мен Майбалық жақта екі экопарк салынады.

- Әңгімеңізге рақмет!


Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:

Автор:

Руслан Ғаббасов

Пікір қалдыру
+7
Жіберу
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Кожакелдиев Е.
Кожакелдиев Е.
954-059
REDAKTOR
Ербол Жанат
Ербол Жанат
954-059
REDAKTOR
Жанибек Амангелди
Жанибек Амангелди
954-059

MURAǴAT