Коронавирус созылмалы ауруларды қоздырады – эндокринолог

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университетінің денсаулық сақтау саясаты және алғашқы медициналық-санитарлық көмекті дамыту бөлімінің бастығы, медицина ғылымдарының кандидаты, эндокринолог– дәрігер Ержан Өтеулиев ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында коронавирус инфекциясының қауіпі мен өзін-өзі емдеудің салдары туралы айтып берді.

- Дәрігердің нұсқауынсыз қабынуға қарсы препараттарды қолдану денсаулыққа қалай әсер етуі мүмкін?

- Жаз айларында коронавирус инфекциясы ушыққан кезде, тұрғындардың басым бөлігі әртүрлі қабынуға қарсы дәрі-дәрмектерді өздігінен қабылдай бастады. Олардың ішінде қабынуға қарсы және иммуносупрессивті әсері бар «Дексаметазон» ерекше танымал болды. Ол дәрі жұқпалы аурулар кезінде шамадан тыс қабыну болған жағдайларда қолданылады. Бүгінгі күні гормонды препараттарды бақылаусыз қолданудың жанама әсерлерінің саны күрт өсті. Мысалы, оны шамадан тыс қолдану неврозды, адамның психикалық жағдайының өзгеруін тудыруы мүмкін.

Эндокринолог ретінде біз дексаметазонды ұзақ уақыт қолданудың жанама әсерлерімен айналысамыз. Қазір коронавирусты өз бетінше емдеп, дәрі қабылдаған науқастар бізге жиі жүгінетін болды. Дексаметазон – бүйрекке әсер етеді. Сонымен қатар, аталған препарат иммунитет тапшылығын да тудыруы мүмкін. Ол иммундық жүйені бәсеңдетеді, сәйкесінше инфекциялық фон күшейеді. Сондықтан тек дәрігердің рұқсатымен ішкен абзал.

- Коронавирус инфекциясына қатысты ғылыми зерттеулер жүргіздіңіз бе?

- Коронавирус – бұл адамнан адамға ауа тамшылары мен байланыс арқылы берілетін инфекция. Ол ауада тұрады. Ал ауаның негізгі тұтынушысы - өкпе. Осы аурудың патогенезінің ерекшеліктері туралы біз халықаралық зерттеулер негізінде бірқатар авторлық куәліктер жасадық. Коронавирус инфекциясы фонында бірнеше технология әзірледік. Жыл бойына біз бұл вирустың пайда болу сәтінен бастап зерттедік. Ол мутацияға ұшырайды. Әрине, мутацияланған инфекция адам ағзасына әртүрлі әсер етеді.

Қазір ковид күшейе түсті. Біз оны ауыр түрінде сезіне бастадық. Біз бұл инфекцияны халықаралық тәжірибеге жүгіне отырып зерттедік. Шынында да патогенезінде иммундық жүйе ояна бастаған кезде «цитокин дауылы» сияқты элементтер бар. Мұның бәрі қан тамырларының ішінде. Сондықтан алғашқы күндерден бастап антикоагулянттарды қолдана отырып қанды сұйылту қажет. Жалпы терапия жүргізу керек, өкпені жаттықтыру қажет. Әсіресе коронавирус инфекциясымен ауырған адамдар толық оңалтудан өтуі тиіс. Қанның ұюын бақылап отыру шарт. Өйткені оның одан әрі қоюлануы мүмкін фактілер бар және бұл басқа қан тамырлары ауруларының дамуына әкеледі.

- Коронавирустың қауіпті факторлары туралы айтып берсеңіз?

- Менің тәжірибеме сәйкес, мысалы, менде бұрын диффузиялық токсикалық зоб ауруынан емделген науқас бар. Ұзақ емдеуден кейін ол жазылды. Бірақ коронавирус инфекция оның бұрынғы ауруын қайта қоздырды. Көз бен жүрек ауруының асқынулары пайда болады. Қазір мен емдеудің екінші кезеңін бастадым. Кейде созылмалы аурулар ұйықтап қалады. Алайда ауруды жаңа жағдайлар қоздыруы мүмкін. Осы кезде иммундық жүйе қайта күресуді бастайды. Осылайша, ішкі гомеостаз (организмнің тұрақтылығы) біршама өзгереді.

- Коронавирусқа төтеп бере алатын иммунитетті қалай қалыптастыруға болады?

- Біріншіден, физикалық белсенділік. Таңертеңгілік жаттығулар мен таза ауада серуендеу. Екіншіден, дұрыс ұйқы. Әсіресе балалар көп ұйықтау керек. Кемінде сегіз саған демалған абзал.Үшіншіден, дәруменге толы ас. Жесім-жидек, көкөністі жиі жеу керек. Құрамында ақуыз бар тағамдарды ішкен абзал. Төртіншіден, күйзеліскке жол бермеу қажет. Күйзеліс адам ағзасына кері әсерін тигізіп, аурудың өршуіне жол береді.

Алда суық күндер күтіп тұр. Қыс мезгілінде С дәрумені бар сұйықтықты көбірек ішу керек, сондай-ақ маска тағып, әлеуметтік арақашықтықты сақтау сияқты қарапайым санитарлық ережелерді сақтау қажет.

- Сұхбатыңызға рахмет!


Соңғы жаңалықтар