Коронавирус: ШҚО-ға алғашқы науқас қайдан келді, қазір қандай шаралар атқарылуда

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Қытайда өршіген коронавирус инфекциясы Қазақстанға жетпей тұрып, жұртты қорқыныш пен үрей жайлаған еді. Биылғы наурыз айының ортасында вирус біздің шекараға да жетті. Ал 28 наурызда Шығыс Қазақстан облысында COVID-19-ға шалдыққан алғашқы 2 науқас тіркелді. Осы мақаламызда өңірдегі коронавирус бойынша ахуал мен эпидемиялогиялық жағдайдың қалай құбылғанын, карантиндік шаралардың қандай нәтиже бергендігін талдап көрдік.

Маска тапшылығы 15 күнде шешілді

Төрткіл дүниеге тараған коронавирус Қазақстанды да айналып өтпеді. Бірақ індет жайылмай тұрып әлеуметтік желілерде жалған ақпарат таратқандар көбейіп кетті. Шығыс Қазақстанда да жұрттың мазасын қашырғандар аз кездескен жоқ. Өңірде арнайы құрылған штаб өкілдері тұрғындарды ғаламтордағы негізсіз ақпараттарға сенбеуге шақырып әлек болды. Мысалы, 19 наурыз күні «Өскеменге Мәскеуден келген 3 адамнан коронавирус анықталды» деген ақпарат желіде желдей есті.

«Бұл мәлімет шындыққа жанаспайды. Қазір ШҚО-да бір де бір коронавирус жұқтыру фактісі тіркелмеген. Ел арасында жалған ақпарат таратқандардың заңға сәйкес жазаға тартылатынын ескертеміз», - деп штаб өкілдері бірден жауап қатты.

Қауіпті дерттен құты қашқан халық дүкендерден азық-түлікті, дәріханалардан медициналық масканы жаппай алып жатты. Осылайша, дефицит туындап, кәсіпкерлер бағаны шарықтатып жіберді. Алаяқтар да атқа қонып халықты арбауға кірісті.

«23 жастағы қала тұрғыны танымал сайттардың бірінен медициналық маска сатылатындығы туралы жарнаманы байқап қалған. Бұған сенген ол алаяқтардың шотына 14 мың теңге аударып жіберген. Жәбірленуші полицияға тек бірнеше күн өткеннен кейін хабарласқан. Тәртіп сақшылары аталған факті бойынша бірден ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 2-бөлігімен (Алаяқтық) сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады», - деп хабарлады ШҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметінен.

Маска тапшылығы мәселесін шешу үшін аймақ басшысы Даниал Ахметовтің тапсырмасымен Семей қаласының тігін компанияларында тәулігіне 100 мың дана қайта пайдалануға болатын медициналық маска тігу қолға алынды. Сөйтіп 15 күн ішінде облыс дәріханалары түгелдей маскамен қамтамасыз етілді. Ал азық-түлік құнын бақылау мақсатында рейдтер жүргізіліп, бағаны бекітілген шектен асырған кәсіп иелеріне айыппұл салынды.

Вирус жұқтырғандар Мысырдан келген

Наурыз айында елімізде жарияланған төтенше жағдайға байланысты Шығыс Қазақстан облысында да бірқатар шектеулер енгізілген болатын. Облыс көлемінде концерттер, конференциялар, семинарлар, көрмелер мен дөңгелек үстелдер өткізуге, той жасауға және ас беруге тыйым салынды. Спорттық үйірмелер мен тіл үйрену курстарының жұмысы тоқтатылды. ШҚО-дан Ресей мен Қытайға пойыз және автобус уақытша қатынамайтын болды.

26 наурыз күні Даниал Ахметов өңірдің карантинге әзірлігін тексерді. Оқу-жаттығу кезінде Өскемен және Семей қалаларының кіреберісіне блокпост орнатылды. Шараға полиция қызметкерлері, әскерилер, санитарлық-эпидемиологиялық қызмет мамандары жұмылдырылды.

Екі күннен соң ШҚО-да коронавирус жұқтырған алғашқы екі науқас туралы ресми мәлімдеме жасалды.

«Семейде коронавирус дертінің алғашқы 2 жағдайы расталды. Олар елімізге «Шарм-Эль-Шейх – Нұр-Cұлтан» рейсімен оралып, ары қарай өз көліктерімен Семейге жеткен. Олармен бірге отбасы мүшелері, яғни тағы 5 адам болыпты. Науқастардың жағдайы орташа деңгейде. Алғашқы шағымдары дене қызуы мен сирек жөтелге болған. Жедел медициналық көмек бригадасы шұғыл әрекет етіп, алгоритмге сәйкес арнайы капсулаларда оларды стационарға жеткізді», - деген болатын облыс әкімі.

Сәуір айының басында Өскемен қаласында да коронавирус жұқтырған алғашқы адам тіркелді. ШҚО Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ілияс Мұхамеджанның айтуынша, вирусқа 1938 жылғы әйел адам шалдыққан. Ол дәрігерлерге 1 сәуір күні өзі жүгінген. Науқас бірден ауруханаға жеткізіліп, рентгенологиялық зерттеулер жасалды. Оған «пневмония» диагнозы қойылды. Пациенттен коронавирусқа қатысты алынған сынама оң нәтиже көрсетті.

Басқарма басшысының сөзіне сенсек, зейнеткер қаңтар айында Ресейге барып келген. Науқаспен байланыста болған 198 адам анықталды. Олардың барлығы оқшауланған.

10 сәуірде ШҚО-ға қашықтан өлшейтін 5 мың дана термометр жеткізілді.

«Олар Өскемен мен Семейдегі кезекшілікте жүрген полиция қызметкерлеріне берілді. Осылайша, біз көшедегі азаматтардың дене қызуын өлшейміз. Аталмыш термометрлер денеге тигізілмейді және оның еш зияны жоқ. Сондықтан тұрғындардан түсіністік танытып, полицейлердің бұл әрекетіне үрейленбеулерін сұраймын. Ірі кәсіпорындарда жұмыс істейтіндер мұндай тексерістен күн сайын өтеді. Ол адамның ыстығы көтерілгенін анықтап, жедел көмек көрсетуге мүмкіндік береді», - деді әкім.

Карантин шектеулері енгізілді

18 сәуір күні Шығыс Қазақстан облысында карантин енгілілді.

«Өңір аумағына кіріп-шығу мүмкіндігі шектелді. Карантин кезінде жұмыс берушілер қызметкерлерінің еңбекақысын сақтап, қашықтан жұмыс істеуге жіберді. Осы ретте жедел штаб қызметін тоқтатуы тиіс кәсіпорындардың тізімін толықтырды. Өскемен мен Семейде енгізілген шектеулер кезінде кәсіп иелері қосымша көліктермен қамтамасыз етілген», - деді Даниал Ахметов.

Осындай қысылтаяң шақта волонтерлер тасада қалған жоқ. Аймақ бойынша 800-ден астам ерікті дүйім жұртқа азық-түлік себеттерін таратты.

Волонтерлер қалың көпшілікке арнап, коронавирустың алдын алу туралы кеңестер жазылған жадынамалар мен арнайы газет шығарылымдарын таратып, бірнеше мәрте пайдалануға болатын маскалар тікті. 24 сәуірдегі жағдай бойынша көпбалалы жанұяларға, аз қамтылған отбасыларға, жалғызбасты қарттарға 17 мыңға жуық медициналық маска мен 800-ден астам астам азық-түлік себеті берілсе, облыс тұрғындарына 845 мың дана газет таратылған. Сондай-ақ 410 ерікті Өскемен және Семей қалаларындағы І, ІІ топ мүгедектері мен 70-тен асқан зейнеткерлерге азық-түлікті, қажетті тауарлар мен дәрі-дәрмектерді жеткізіп беруде. Волонтерлер құқық қорғау органдарымен бірлесіп халыққа түсіндіру жұмыстарын да жүргізіп жатыр. Бұдан бөлек, еріктілер «Жылу сыйла», «Қайырымды көршілер» акцияларын ұйымдастырды. Соның аясында полицейлерге, әскери қызметкерлер мен дәрігерлерге ыстық шай, бауырсақ таратылып, қарттардың аулалары тазартылып, оларға тамақ пен дәрі-дәрмек сатып алуға көмек көрсетілген. Әлеуметтік желілерде «Мен үйдемін», «Үйде уақытты пайдалы өткізейік» сынды челлендждар басталып, 300-ден астам бейнероликтер жарияланды», - деп хабарлады ШҚО Ішкі саясат басқармасы.

Бұл ретте ерекше айта кететін жайт – семейлік ғалымдардың коронавирусты емдеудің тың әдісін ойлап тапқаны.

Семей медицина университетінің ректоры Ерсін Жүнісов коронавирус жұқтырған адамдарды емдеу бойынша нұсқаулық дүниежүзілік және жеке тәжірибеге негізделіп жасалғанын мәлімдеген болатын.

«Ғалымдарымыз «Коронавирус инфекциясы анықталған науқастарды емдеу нәтижесінің болжамы мен қауіп-қатер картасын» жасады. Дәрігерлер өздеріне ыңғайлы болу үшін нұсқаулықтағы кез-келген бөлімді ашып емдеу кезінде қандай жағдайларға тап болулары ықтимал, қандай проблемалар туындауы мүмкін және оларды қалай болдырмауға болатындығын біле алулары керек. Біз Уханның тәжірибесін зерделеп, ондағы барлық басылымдарды және Оңтүстік Корея мен Жапонияның тәжірибелері жазылған жазбаларды аударып шықтық», - деді ол.

«Қызыл аймаққа» кірді

Өңірде эпидемиялогиялық жағдайға байланысты карантинтік шектеулер жеңілдетіліп немесе қайта күшейтіліп отырды. Күзде дерттің ықтимал екінші толқынына қызу дайындық жүргізілді.

«Шығыс Қазақстанда 40 инфекциялық стационар дайындалып, толық жабдықталған 6 мыңнан астам төсек-орын ұйымдастырылды. Инфекциялық бөлімшелердің барлық пациенттері оксигенотерапиямен толық қамтамасыз етілген. Ауыр науқастар үшін иммундық плазманың 3 мыңнан астам дозасы дайындалды. Бұл бүкіл республика бойынша әзірленген дозаның 62,5%-на тең. Қазіргі уақытта 180 пациентке плазма құйылды. Плазма банкін толтыру бойынша донорлармен жұмыс жалғасуда. Сонымен қатар дәрі-дәрмектер мен жеке қорғаныс құралдарының тұрақтандыру қоры құрылды. Емдеудің тиімділігі үшін коронавирус инфекциясының жеңіл және орташа ауырлығы бар 6200 науқасты осы дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету есебінен фавипиравир препараты сатып алынды, - деді аймақ басшысы Даниал Ахметов қазан айында Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында.

Қараша айының басында қауіпті дертке шалдыққандар саны күрт өсіп кеткендіктен өңір «қызыл аймаққа» енгізілді . Қатаң карантиндік шаралардың, өңір жұртшылығының жауапкершілігінің және медицина қызметкерлерінің ерен еңбегінің арқасында 2 желтоқсан күні облыс «қызылдан» «сары аймаққа» өтті.

«Ортақ күш-жігеріміздің арқасында біз COVID-19 инфекциясының таралу деңгейін төмендете алдық. Бүгінде аймақта коронавирустың көбею коэффициенті бәсеңдеді. Қарашаның басымен салыстырғанда репродуктивті R саны 1,85-тен 0,84-ке дейін, ал төсек қорының қамтылу пайызы 31,1-ден 14,5-ке дейін төмендеді», - деген еді Даниал Ахметов.

Желтоқсан айының басында коронавируспен күреске атсалысқан ШҚО тұрғындары марапатталды. Бүгінде Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, сондай-ақ пандемияға қарсы күрестегі жемісті жұмысы үшін 100 жуық шығысқазақстандық «Халық алғысы» медалімен марапатталған.

* * *

Бүгінде Шығыс Қазақстан «жасыл аймақта». Алайда әлі босаңсуға ерте. Коронавирустың қайта өршу-өршімеуі сіз бен бізге тікелей байланысты. Сондықтан сақтық шараларын қаперде ұстап, адам көп шоғырланатын жерлерге бармай, үнемі маска тағып жүру қажет.


Соңғы жаңалықтар