Коронавирус: ШҚО-да кейбір дәрігерлер үстемеақыны заңсыз алған

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында коронавируспен күрескендерге берілетін үстемеақыны кейбір дәрігерлердің заңсыз алғаны анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл жайлы онлайн форматта өткен жиналыс барысында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі ШҚО бойынша департаментінің басшысы Ерлан Жалмағамбет мәлім етті.

«Бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша Шар қалалық ауруханасының лауазымды тұлғаларына қатысты қылмыстық іс қозғалды. Белгілі болғандай, олар COVID-19 инфекциясымен күрескендерге берілетін үстемеақыны аурухана қызметкерлеріне негізсіз тағайындаған. Осының салдарынан мемлекетке 1,5 миллион теңге мөлшерінде материалдық шығын келтірілді», - деді ол.

Осыған орай облыстық денсаулық сақтау басқармасына құзыреттілігіндегі медициналық ұйымдарды есепке алу, жалақы және коронавируспен күрескен қызметкерлерге берілетін үстемеақылар бойынша тексеру жоспарын бекіту ұсынылды. Егер қандай да бір заңбұзушылық анықталса, тиісті материалдар құқық қорғау органдарына жіберіледі.


Соңғы жаңалықтар