Коронавирус: Сайлау кезінде азаматтар қалай қорғалады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 2021 жылдың 10 қаңтарына тағайындалған кезекті Мәжіліс депутаттарын және жергілікті мәслихаттардың сайлауын өткізуге 1 айға жетпес уақыт қалды. Бүгінде еліміздің басты саяси додасына жолдама алған 5 партия, атап айтқанда «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы», «Nur Otan» партиясы», «ADAL» саяси партиясы», «Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясы», «Қазақстанның Халық партиясы» кандидаттары еліміздің түкпір-түкпірін аралап, сайлаушыларды өз жақтарына шығаруға тырысып бағуда.

Бұл орайда сайлаушылармен қатар еліміздің денсаулық сақтау саласы мамандарын әлеммен қатар қазақ жұртшылығын да әрі-сәрі күйге түсірген коронавирус инфекциясына қатысты ахуал да алаңдатып отырғаны белгілі. Өйткені, бұл пандемия ауа арқылы адамнан адамға тез жұғады. Ал дауыс беру күнінде қалаған кандидаты арқылы көңілінен шығатын партияға дауыс беруге асығатын жұртшылықтың қарасы сайлау учаскесінде қалың болары айтпаса да белгілі жайт.

Міне осыған байланысты еліміздің Денсаулық сақтау вице-министрі - бас мемлекеттік санитар дәрігері Ерлан Қиясов Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі және мәслихаттар депутаттарының сайлауында сайлау алды үгітті жүргізу кезінде COVID-19 коронавирус инфекциясының таралуының алдын алу, санитариялық-эпидемиологиялық қауіпсіздікті және азаматтардың денсаулығын қорғауды қамтамасыз ету мақсатында арнайы қаулы шығарып отыр. Бұл ретте облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың бас мемлекеттік санитар дәрігерлері облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және республика астанасының аумақтық сайлау комиссияларымен бірлесіп, өңірлердегі санитариялық-эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, сайлау процесінің санитариялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуі тиіс.

Аталған қаулыға сәйкес, сайлау процесінің барлық қатысушылары: бір рет қолданылатын медициналық немесе қорғаныш маскаларын, қолғаптарды кию режимін міндетті түрде сақтауы; қолды дезинфекциялау үшін антисептикалық құралдарды пайдалануы; адамдар арасында бір-бірінен кемінде 1,5-2 метр әлеуметтік қашықтықты сақтауы; қол алысуды немесе тікелей байланыстың басқа да түрлерін болдырмауы қажет. Сайлау алды үгіт іс-шараларын теледидар, радио, баспа басылымдарын, интернет-ресурстарды пайдалана отырып, онлайн режимде өткізу ұсынылады. Сайлау науқаны үшін арнайы дайындалған тегін баспа материалдарын, оның ішінде иллюстрациялық материалдарды, сондай-ақ белгішелерді, жалауларды, жалаушаларды таратуды бір рет қолданылатын қолғаптарды және қорғаныш маскаларын пайдалана отырып жүзеге асыру керек.

«Сайлау алды көпшілік іс-шараларын және үй-жай ішінде сайлаушылармен жеке кездесулерді өткізу кезінде: әлеуметтік қашықтықты мүлтіксіз сақтау үшін жеткілікті кең үй-жайларды пайдалануды; іс-шараға қатысушылардың температурасын үй-жайға кіреберісте байланыссыз бақылауды; үй-жайға кіреберісте және үй-жай ішінде қолды дезинфекциялауға арналған құралдарды пайдалануды; жуу құралдарын қолдана отырып, үй-жайды және барлық жұмыс беттеріне ылғалды жинау жүргізуді, дезинфекциялауды; жасанды желдету жүйесі болмаған жағдайда үй-жайға тұрақты желдету жүргізуді; ғимараттың техникалық мүмкіндіктері болған кезде үй-жайға бөлек кіретін және шығатын жолдарды; КВИ-дің профилактикасы шараларын сақтау туралы ақпараттық материалдарды орналастыруды; үй-жайға кіреберісте және үй-жай ішінде қашықтық белгілерін орнатуды; қатысушыларды әлеуметтік қашықтықты сақтай отырып отырғызуды қамтамасыз ету қажет», - делінген қаулыда.

Айта кетейік, еліміздің орталық сайлау комиссиясы барлық 5 партиядан 312 кандидатты тіркеді. Оның ішінде: «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясынан 19; «Nur Otan» партиясынан 126; «ADAL» саяси партиясынан 16; Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясынан 38 және «Қазақстанның Халық партиясынан» 113 адам. Партиялық тізімдер бойынша Парламент Мәжілісі сайлауында дауыс беруді өткізу кезіндегі жеребе қорытындысы бойынша сайлау бюллетеніндегі саяси партиялардың атаулары мынадай тәртіппен орналастырылатын болады:

1. «Қазақстан Халық партиясы» қоғамдық бірлестігі.

2. «Nur Otan» партиясы» қоғамдық бірлестігі.

3. «Ауыл» Халықтық-демократиялық патриоттық партиясы» қоғамдық бірлестігі.

4. «Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясы» қоғамдық бірлестігі.

5. «ADAL» саяси партиясы» қоғамдық бірлестігі.

Сонымен қатар 2020 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша Сайлаушы азаматтардың бірыңғай электрондық тізіліміне сәйкес Қазақстан Республикасындағы сайлаушылардың жалпы санының бір пайызы резервін қоса, дайындалуға және сайлау учаскелеріне жеткізілуге тиіс сайлау бюллетеньдерінің саны партиялық тізімдер бойынша сайланатын Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттарын сайлау бойынша 12038433 (он екі миллион отыз сегіз мың төрт жүз отыз үш) дананы құрайтын болып белгіленді.


Соңғы жаңалықтар