Коронавирус салдары әлемдік экономикаға әсер етпей қоймайды - сарапшы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты халықаралық зерттеулер бөлімінің басшысы Әсел Назарбетова Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өткен Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында ішкі және жаһандық деңгейдегі күн тәртібіндегі өте өзекті мәселелер қаралды. Яғни, елді дүр сілкіндірген Қордай оқиғасы, бүкіл әлемнің зор алаңдаушылығын тудырып отырған коронавирус індетімен күрес сияқты мәселелер, үнемі Елбасының назарында және осы жағдайлардың салдарын ретке келтіруге Қауіпсіздік Кеңесінің мүшелерін жұмылдырып, көп жылдық мол басқарушылық тәжірибесімен бөлісуде», -дейді сарапшы.

Қордай оқиғасы туралы Елбасының: «Бұл оқиға мені қатты алаңдатады. Отыз жыл бойы халқымызбен бірге едәуір қиындықтарды өткеріп едік. Жастар бұл қиындықтарды тіпті елестете де алмайды», - деген сөзінің астарында бүгінгі күніміздің игілігін өткенімізге, мемлекет құрудағы күрделі жолымызға әрдайым баға бере отырып сезіну керек деген ой жатыр.

«Жамбыл облысының Қордай ауданында орын алған жайтты қалпына келтіру жұмыстары тиісті қарқынмен жүріп жатыр. Дегенмен оқиғаның себебін жан-жақты, кешенді түрде зерттеп, осыдан сабақ алу арқылы мұндай конфликтілерді болдырмау тек мемлекеттік органдар, құзыретті тұлғалар, ҚХА өкілдерінің, сарапшы-зерттеушілердің ғана жауапкершілігімен шектелмегені дұрыс. Осы күндері айтылып жатқан пікірлер, уәждер, үндеулер еліміздегі пікір алуандығының, тіпті қарама-қайшы ұстанымдардың айқын көрінісі болды. Сол себепті әрбір Қазақстан азаматының ең басты құндылығы – елдегі тұрақтылық екенін тағы қайталаймыз», - деді Ә. Назарбетова.

Спикердің айтуынша, жер-жаһанды ортақ қауіп-қатерге бой алдырып отырған коронавирус дертінің өршуі де адамзат тағдырына әсер ететін факторлардың кенеттен пайда болатынын, онымен күресте барлығымыздың бірігуіміз қажет екенін айғақтайды.

«Себебі коронавирус салдары әлемдік экономикаға, яғни әлем халықтарының тұрмыс-тіршілігіне әсер етпей қоймайды. ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Қауіпсіздік Кеңесінің күн тәртібіне аталған мәселелерді шығаруы олардың ауқымдылығына және қауіпсіздігімізге сын-қатер екендігіне мән бергізді, салдарын еңсеруде ортақ жауапкершіліктің маңыздылығын көрсетті», - деді Әсел Назарбетова.


Соңғы жаңалықтар