Коронавирус: Өзбекстанда науқан басталғалы вакцинаның 12 млн дозасы пайдаланылды

None
None
ТАШКЕНТ. ҚазАқпарат – Вакцина салу науқаны басталғалы бері Өзбекстанда COVID-19-ға қарсы вакцинаның 12 миллион дозасы пайдаланылды, деп хабарлайды ҚазАқпараттың меншікті тілшісі.

Өзбекстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігінің деректері бойынша, бүгінгі күні елде вакцинаның 12 390 770 дозасы пайдаланылған. Вакцинаның бірінші компонентін 8 728 529 өзбекстандық алған, екінші және үшінші (ZF-UZ-VAC2001 қытай-өзбек вакцинасы үш дозамен салынады) компонентін 2 688 219 және 974 022 өзбекстандық салдыртқан. Вакциналаудың толық курсын 1 435 883 өзбекстандық өткен.

Өңірлер арасында Ферғана және Наманган облыстары көш бастап тұр. Бұл облыстарды вакцина алғандар саны 1,4 миллионнан асты.

Еске сала кетейік, Өзбекстанда екпе кампаниясы 1 сәуірден басталды. Вакциналау төрт препаратпен жүзеге асырылады: еуропалық AstraZeneca, ZF-UZ-VAC2001 қытай-өзбек вакцинасы, ресейлік «Спутник-V» және 1 тамыздан бастап америкалық Moderna вакцинасы.

Эпидемиологиялық ахуалдың өршуімен байланысты Өзбекстанда 3 тамыздан бастап халықтың жұмыс істейтін бөлігін міндетті вакциналауды құқықтық негізде бекітетін заң қабылданды.

Мәдибек Жәнібеков


Соңғы жаңалықтар