Коронавирус: Өзбекстан Ауғанстанмен шекарасын жапты

None
None
ТАШКЕНТ. ҚазАқпарат – Өзбекстан елдегі эпидемиологиялық ахуалдың нашарлауынан Ауғанстанмен шекарасын уақытша жабады. Сәйкес шешімді Коронавирусқа қарсы іс-қимыл жөніндегі арнайы республикалық комиссия қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Арнайы республикалық комиссия елдегі эпидемиологиялық ахуалды есепке ала отырып, өзбек-ауған шекарасы арқылы азаматтардың қозғалысын тоқтату туралы шешім қабылдады. Сонымен қатар Ауғанстан азаматтарына туристік визаларды беру және туристік фирмалардан визалық өтінімдерді қабылдау тоқтатылды», - делінген хабарламада.

Ведомство дерегіне сай, коронавирус инфекциясы анықталған Өзбекстан азаматтары арнайы ауруханаларға ем алуға жіберіліп отырады. Ал коронавирус анықталған шетелдік азаматтар Өзбекстан аумағына кіргізілмейді.

Еске сала кетейік, Өзбекстанда КВИ ауруының тұрақты өсуі байқалады. Өткен тәуліктің өзінде 427 адам коронавирус жұқтырған. Ташкент (163) және Ташкент облысы (61) көш бастап тұр. Ауруханаларда 3 571 коронавирус жұқтырған науқас жатыр.

Сонымен қатар, Өзбекстанда шетелдіктер үшін міндетті ПТР-тест жүйесі қайта енгізіледі.


Соңғы жаңалықтар