Коронавирус: Өскеменде жаңа стационар ашылады

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемен қаласында биылғы қазан айында жұқпалы аурулар бөлімшесі ашылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Коронавирус пандемиясы бұрынғы медициналық жедел жәрдем ауруханасының ғимаратын күрделі жөндеуді тезірек аяқтауға мәжбүр етті. Бүгінде мекемеге пластикалық терезелер мен есіктер қойылған. Электрмен жабдықтау 95% аяқталса, желдеткіш құбырлар 75% орнатылды.

«Жөндеуді тез әрі сапалы аяқтау өте маңызды. Линолеум төсеу, жабдықтарды жеткізіп, іске қосу, сондай-ақ ғимараттың сыртын әрлеу жұмыстары қалды», - деді Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов.

Төртінші қалалық аурухана филиалының артықшылығы кең зерттеулерге арналған ПТР зертханалар болмақ. Сонымен қатар бұл аурухана жылжымалы рентген аппараттарымен және компьютерлік томографиямен жабдықталады. Ауыр науқастар үшін 15 төсекке арналған реанимация бөлімі дайындалып, онда өкпені жасанды желдету аппараттары болады.

Пандемия аяқталғаннан кейін стационар Шығыс Қазақстан облысының тыныс алу органдарын емдеуге арналған орталыққа айналмақ.

Естеріңізге сала кетсек, осыған дейін ШҚО-да жұқпалы індеттің екінші толқынына дайындалу мақсатында 7069 төсек-орын дайындалғаны хабарланды.


Соңғы жаңалықтар