Коронавирус: Оралда үш науқас өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында коронавирустан емделіп жатқандар ішінде төрт адам ауыр халде жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы Болатбек Қаюповтың брифингте мәлім еткеніндей, олардың үшеуі өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған.

Екеуі 79 және 68 жастағы емделушілер болса, біреуі – бала.

Жалпы, облыста 665 адам коронавирус дертімен тіркелсе, соның 30-ы – балалар.

Қазіргі таңда 300 адам (12-сі – бала) стационарда емделуде. Мұның 135-і – ауру белгісі сезілмейтіндер. 104-і жеңіл, 57-сі орташа халде.

«Тек өткен демалыс күндері коронавирус жұқтырған 85 адам (сенбіде – 41, жексенбіде – 44) ауруханаға түсті», деді Б.Қаюпов.

БҚО әкімдігі мәлім еткеніндей, өңірде соңғы тіркелген 44 науқастың 35-і – бұрын коронавирус жұқтырғандармен байланыста болғандар. 9 адамнан профилактикалық мақсатта сынама алынған.

Облыста індетке қарсы шаралар жалғасуда.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда коронавирустан көз жұмған ер адам Теңіз кен орнында жұмыс істегенін жазған болатынбыз.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының сөзіне қарағанда, коронавирустан қайтқандар үшін қалалық зиратта арнайы орын бөлінген. Марқұмдар сонда жерленді.




Соңғы жаңалықтар