Коронавирус: Мереке алдындағы эпидахуал және министрліктің індетке қатысты жаңа болжамы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері бүгін Орталық коммуникациялар қызметі алаңында кезекті баспасөз мәслихатын өткізіп, елдегі эпидемиологиялық ахуалдың мән-жайын баян етті. Алда мереке күндері келе жатқандықтан халық көп болып жиылып, індет таратарлық қауіп туындап тұр. Сол себепті министрліктің өкілдері сапарды кейінгі қалдырып, қауіпсіздік шараларын сақтау керектігін да тағы бір мәрте ескертіп өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елдегі эпидахуал: «Жасыл» және «қызыл» аймақтар

Баспасөз мәслихатында баяндама жасаған ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі – бас мемлекеттік санитар дәрігер Ерлан Қиясов бүгінде еліміз «жасыл», яғни тәуекелі төмен аймақта тұрғанын айтты.

Қаупі жоғары немесе «қызыл» аймақта екі өңір бар.

Олар: СҚО мен Павлодар облысы. Алдыңғы аптамен салыстырғанда «қызыл» аймақтан «сары» аймаққа Қостанай және Ақмола облыстары ауысқан.

Қазір «сары» аймақта Алматы, Нұр-Сұлтан қалалары, ШҚО және Атырау облыстары тұр. «Сары» аймақтан «жасыл» аймаққа БҚО ауысқан.

Оның айтуынша, өткен екі апта ішінде коронавируспен ауырғандар саны 10 пайызға көтерілген. Ауру-сырқаудың өсу жағдайы Атырау облысында 1,9 есе, Жамбыл облысында 1,8 есе, Ақмола облысында 1,7 есе, Павлодар облысында 1,5 есе өскені байқалады.

Қазіргі эпидемиологиялық ахуалдың жайын ескере отырып, құзырлы ведомство Қазақстан мен Түркия арасындағы тұрақты әуе рейстерінің санын 20-дан 10 рейске дейін азайту туралы шешім қабылдаған.

Яғни екі тараптың да әуе компаниялары 2020 жылғы 10 желтоқсаннан бастап рейс санын қысқартады.

«Елде оқу жылы басталғалы оқушылар арасында коронавирус жұқтырудың 2539 жағдайы тіркелді. Оның ішінде 738 оқушы кезекші сыныпта оқитын балалар болса, 1811 оқушы - қашықтан оқитындар.

Қазіргі уақытта өңірлердің әкімдіктерінің жанында 1556 мониторинг тобы жұмыс жүргізуде. Карантин шараларын әлсіреткелі бері (17 тамыздан 8 желтоқсанға дейін) 53 489 рейд жасалып, 215 977 нысан тексерілді. 18 903 нысанның иелері тәртіп бұзғаны анықталды», - деді ол.

Одан бөлек өңір әкімдіктерінің жанында 1556 мониторинг тобы жұмыс жүргізіп жатыр. Карантин шараларын әлсіреткелі бері (17 тамыздан 8 желтоқсанға дейін) 53 489 рейд жасалып, 215 977 нысан тексерілген.

18 903 нысанның иелері тәртіп бұзған. Тәртіп бұзу фактілерінің көбі - Түркістан облысында (3 279), Алматы облысында (3 121), Қостанай облысында (1 758), ШҚО (1598), Алматы (1584) және Нұр-Сұлтан қаласында (1 341) тіркелді. Осы тәртіп бұзу фактілеріне байланысты 1 миллиард теңгенің 15 268 айыппұлы салынды.

Одан бөлек, маска және әлеуметтік аралық режимін сақтамағаны, эпидемияға қарсы шараларды, жұмыс режимін сақтамай және бұқаралық шараларды өткізуге байланысты 1,3 млрд теңге айыппұл салынған.

«Құрметті қазақстандықтар! Ұзақ демалыс күндері мен алдағы мерекелердің жақындағанын ескере отырып, сіздерді коронавирус инфекциясының алдын алу шараларын сақтауға шақырамын. Халық көп жиналатын орындарға бармай, ұжымдық шараны өткізбеу және оған қатыспау керек. Суық тигізіп алудан сақтанған абзал», - деп ескертті вице-министр.

«Толық локдаунды әлі енгізбейміз»

Бір қуанарлығы, Қазақстанға басқа мемлекеттерден коронавирус жұқтырып келген азаматтардың саны біршама азайған көрінеді. 9 желтоқсанға дейін мемлекеттік шекарада тексеру барысында 635 адамның коронавирус жұқтырғаны анықталған.

Жалпы сырттан коронавирус жұқтырып келгендердің саны азайып бара жатқанын атап өту керек. Нақтырақ айтқанда мемлекеттік шекарадан автокөлік арқылы өткендердің арасында індет жұқтырғандардың саны 1,5 есе, әуе жолаушылардың арасында 2 есе азайған.

Коронавирус жұқтырғандардың саны азайып келе жатқан өңірлерде шектеу шаралары әлсін-әлсін алынып жатыр. Атап айтқанда Шығыс Қазақстанның «сары» аймаққа өтуіне байланысты облысішілік автобус және басқа да жолаушылар тасымалы қалпына келтірілген.

Аптаның қай күніне қарамастан ашық азық-түлік базарларының жұмысына рұқсат берілді. Сонымен қатар төрт облыста ойын-сауық орталықтарының жұмыс режиміне өзгерістер енгізіліп, олардың демалыс және мереке күндері жұмыс істеуіне рұқсат берілді.

Сонымен қатар азық-түлік сататын және сатпайтын басқа да базарлардың жұмысынан тыйым алынып тасталды. Алматы қаласында және Қарағанды облысында сауда және халыққа қызмет ету нысандарының жұмысын қайта бастауға мүмкіндік берілген.

Министрлік өкілдеріне «Қазақстанда пойыз бен ұшаққа қайтадан тыйым салынуы мүмкін бе?» деген сұрақ қойылды.

«Қазіргі уақытта дәл мұндай талаптарды енгізу мәселесін қарастырып жатқан жоқпыз. Себебі өздеріңіз білетіндей, локдаун енгізудің нақты алгоритмдері бар. Бұрын ол алгоритмдерді Денсаулық сақтау министрлігі бірнеше рет жариялаған. Толық локдаун 100 мың адамның ішінде 50 адам коронавирус жұқтырған жағдайда, инфекциялық ауруханалар 70 пайыз науқастарға толған жағдайда енгізіледі», - деді Ерлан Қиясов.

Вице-министр алдағы мерекелер қарсаңында темір жол мен әуе тасымалы қалыпты жағдайда жұмыс істейтінін жеткізді.

«Әлбетте, қазір «қызыл» аймақтар бойынша шектеулер әлі де күшінде. Қалған өңірлерде қосымша ешқандай шаралар жоқ», - деді ол.

Жаңа болжам – 2021 жылдың қаңтары мен ақпаны

Баспасөз мәслихаты барысында Ерлан Қиясов Қазақстанда коронавирус инфекциясын жұқтырудың шарықтау шегіне қатысты жаңа болжамды жария етті.

«Қазіргі уақытта эпидемиологиялық ахуал тұрақты. Ауру жұқтырудың шарықтау шегі қай уақытқа сай келуі мүмкін? Бұрын Денсаулық сақтау министрі Қазақстанда коронавирусты жұқтырудың шарықтау шегі 2020 жылдың желтоқсаны мен 2021 жылдың қаңтарына сай келетінін болжаған еді. Алайда қазір оптимистік жағдай қалыптасты. Осыған байланысты апта сайын өзіміздің болжамды мәліметтерімізді зерттеп отырмыз. Қазіргі жағдайда пессимистік болжамға сүйенсек, коронавирусты жұқтырудың шарықтау шегі 2021 жылдың қаңтары мен ақпанына дөп келеді деп болжауға болады», - деді бас санитар дәрігер ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Тілшілердің сұрағының жартысына жауап беріп, жартысына сауал хат жолдауды өтінген министрліктің өкілдері бүгінгі баспасөз мәслихатынан осылай тарасты.

Спикерлер тарапынан нақты жауаптан гөрі кібіртіктеу, жауапты басқа арнаға бұру амалдары байқалады. Тілшілердің тағы бір ескертуі – Денсаулық сақтау министрлігінің қазақ тіліндегі ақпаратты сауатты таратпауы.

Себебі калька аударманың салдарынан қазақ және орыс тілінде таратқан бір ақпарат екі мағынамен тарап, жұртты шатастырып жүргені өтірік емес.

Осы себепті вице-министр Ерлан Қиясовқа тілшілер тіл ғалымдарына жүгінуді өтініп отыр.

«Келістік» деп жауап берген вице-министрдің уәдесі қалай орындалатынын алдағы күндері көре жатармыз.


Соңғы жаңалықтар