Коронавирус: Қазақстанға шекараны жабу керек пе

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Қытайдағы коронавирусқа байланысты шекараны жабу ұсынысына пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әзірлеген «Халықаралық медициналық-санитарлық ережелер» атты құжат бар. Қазақстан бұл құжатты 2005 жылы қабылдаған және сәйкесінше осы қағидалаға сүйенеді. Яғни, жаһандық қауіп-қатер туғанда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы шекараны жабу туралы ұсыным береді. Біз әзірге жағдайды бақылап отырмыз. ДДСҰ мұндай ұсыным берген жоқ», - деді министр Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында.

Сонымен бірге, ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Шахрат Нұрышев екі ел арасында дипломатиялық тұрғыда шектеулер енгізілгенін жеткізді.

Қытайдағы Қазақстан елшілігі, бас консулдығы ҚХР азаматтарына виза рәсімдеу талаптарын, әсіресе денсаулық жағдайы туралы анықтама талабын күшейтті.

Үкімет қытайлықтар үшін 72 сағаттық визасыз режімді уақытша тоқтату туралы шешім қабылдады. Одан бөлек, қазіргі уақытта ҚХР азаматтары үшін әуежайда электронды виза рәсімдеу тоқтатылды.

«Шекараны жапқан жағдайда өз отандастарымыздың Қытай аумағынан шығуын ұйымдастыра алмаймыз. Біздегі мәліметтерге сәйкес, қазір Қытай аумағында 1300 қазақстандық бар. Оның 635-і Хайнань провинциясында жүр, 204 - елшілік пен консулдықтың, компаниялардың қызметкерлері, олардың отбасы және 445 қазақстандық жалпы Қытай аумағында жүр. Шын мәнінде, Қытайдағы қазақстандықтар саны бұдан да көп еді. Өйткені, көптеген студенттер Қытайда білім алатын. Бірақ, аурудың шығу уақыты қыстық каникулдармен тұспа-тұс келді. Сондықтан, біздің студенттердің көпшілігі Қазақстанда немесе Қытай аумағынан тыс жерлерде жүр», - деді Шахрат Нұрышев.

Бұған дейін Шахрат Нұрышев Ухан қаласындағы 98 қазақстандық студенттің жай-күйі туралы баяндаған болатын.


Соңғы жаңалықтар