Коронавирус: Қазақстан азаматтарына тағы да бірнеше елге бармауға кеңес берілді
Бұл туралы ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Жандарбек Бекшин айтып берді.
«Әлемде коронавирус бойынша жағдай күнде өзгеріп тұр. ҚХР-да жағдай тұрақты болса, басқа елдерде жағдай күрделеніп барады. Мысалы, кейінгі кездері Иран Республикасында жағдай күрделеніп барады. Ресми түрде онда 42 оқиға тіркеліп, оның 12-сі өліммен аяқталды. Оңтүстік Кореяда 10 өлім-жітім оқиғасы, Италияда - 10, Гонконгта - 2 жағдай тіркелді. Сондықтан, реттеп алған 3 санаттың тізімі өзгертілді», - деді Ж. Бекшин Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Денсаулық сақтау министрлігі 1-санаттағы қауіпті елдер тізіміне тағы бірқатар мемлекетті енгізген.
«Бұрын бірінші санатта тек ҚХР болса, бұл тізімге Оңтүстік Корея, Жапония, Италия, Иран, Қытайдың арнайы әкімшілік аймақтары - Гонконг, Макао, Тайвань аймағы енгізіліп жатыр. Бұл шешім әлемдегі жағдайдың күрделенуін көрсетіп жатыр. Бұл елдерден келген азаматтар 1 наурыздан бастап, үйде карантинге оқшауланады. Олар өз мекенжайы бойынша оқшауланады. Күнделікті жергілікті дәрігерлер осы азаматтарды қарап шығып, нақты тапсырма беріп жатыр», - деді Ж. Бекшин.
Қауіптілігі жағынан екінші санатта үш мемлекет бар - Сингапур, Таиланд, Малайзия.
«Үшінші санатқа - Вьетнам, Германия, Аустралия, АҚШ, Араб әмірліктері, Канада енгізілді. Бұл елдерден келіп жатқан азаматтар еркін жүреді, шаруаларымен айналыса алады. Бірақ, олардың жағдайын медициналық қызметкерлер телефон арқылы күнара біліп тұрады», - деді бас санитарлық дәрігер.