Коронавирус індеті кезінде қанша қазақстандық Түркияда демалып жатыр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Түркиямен арадағы әуе қатынасы жанданғаннан кейін осы елге демалуға кеткен қазақстандық туристерден көмек сұрап жүгінгендер болған жоқ. Бұл туралы «Туристік қамқор» корпоративтік қоры мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2020 жылдың 30 маусымындағы деректерге сәйкес, Қазақстанның туристік компаниялары Түркияға 454 турист жіберді. Оның ішінде 154 адам елге оралды» деді қордың баспасөз қызметінен.

Ұйым мәліметінше, осы күнге дейін ешбір қазақстандық қандай да бір көмек сұрап, қорға жүгінбеген.

Ал еліміздің Сыртқы істер министрлігі қазақстандықтар әзірше елге өз бетінше қайта алатынын айтып отыр.

«Әзірше рейстер ұшып жатыр. Азаматтар мемлекеттің көмегінсіз-ақ үйлеріне қайта алады. Түркиядағы елшілік әзірге азаматтарға еш көмек көрсете алмайды», - деді ҚР СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров.

Айта кетейік, бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарында Түркияға демалуға кеткен бірнеше қазақстандық туристен коронавирус табылғаны туралы ақпарат тараған болатын. Ал «Туристік қамқор» қорының мәліметінше, ол қазақстандықтар оқшауланған және бәрі дұрыс. Дегенмен, Қазақстанның бір азаматшасы ауруханада ем алып жатыр. Оған барлық жағдай жасалып отыр. Сонымен қатар қор коронавирус табылған туристермен не істеу қажеттігіне қатысты регламент күтіп отырғандығын айтады.

Кеше ҚР Үкімет басшысы Асқар Маминнің төрағалығымен өткен мемлекеттік комиссия халықаралық әуе қатынасын сақтау туралы шешім қабылдаған болатын.

Қазақстан 20 маусымнан бастап Түркияға, Қытайға, Оңтүстік Кореяға, Таиландқа, Грузия мен Жапонияға халықаралық рейстерді ашқан еді.


Соңғы жаңалықтар