Коронавирус эпидемиясы көп мемлекеттерде бұрынғыша белсенді сатыда тұр – Ханс Клюге

None
None
БРЮССЕЛЬ. ҚазАқпарат – Коронавирус тудыратын COVID-19 атипті пневмониясы тараған еуропалық өңір елдерінің саны үш есе артты, ал эпидемия көп елде бұрынғыша белсенді фазада тұр. Бұл туралы бейсенбі күні өткен онлайн-брифингте Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Еуропалық өңірлік бюросының директоры Ханс Клюге мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпараттың меншікті тілшісі.

«Әлем бойынша вирус жұқтыру оқиғасының саны сегіз миллионнан асты. Жалпы індетке шалдыққандардың 31 пайызы мен қайтыс болғандардың 43 пайызы - еуропалық өңірге тиесілі», - деді Клюге.

Ол вирустың әлем бойынша жарты миллионға жуық адамның өмірін қиғанын атап өтті.

Ханс Клюгенің айтуынша, кей елдерде бірнеше апта бойы инфекция жұқтыру оқиғасы төмендеп, қазіргі күні жұқтыру көрсеткіші еуропалық өңір бойынша күніне орташа алғанда 17-20 мың жағдайға дейін тұрақтаған.

«COVID-19 эпидемиясы көптеген елде бұрынғыша белсенді сатыда. Жаппай карантиннен кейін қалыпты өмірді қалпына келтіру маңызды. Сонымен қатар мемлекеттік органдар індетті жұқтыру жағдайын анықтап, тест жүргізіп, инфекцияға шалдыққандардың байланысқан адамдарын анықтау үшін бар күшін салуы керек. Бұл шаралар жақын апта немесе айларда жаңа жаппай карантин енгізудің алдын алады», - деп атап өтті ол.

«Бізде бір қауіп дабылы бар: бірнеше елде карантиннен кейін мектептер ашылып, жұқтыру оқиғасы бірден жоғарылап кетті. Сол себепті біз ұқыптылық танытып, шектеуді алу кезінде аса мұқият болуымыз керек. Тағы да қайталап айтамын: барлық елде қауіп бұрынғыдай жоғары», - деді ДДСҰ еуропалық өңірлік бюросының басшысы.

Соңғы жаңалықтар