Коронавирус: Дәрігерлер Қытайдан келген азаматтардың жартысымен хабарласты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанның бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин 6 қаңтардан кейін Қытайдан Қазақстанға келген азаматтарды бақылау жұмыстары туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мұндағы әңгіме қызуы көтерілген барлық тұрғындар емес, 6 қаңтардан кейін ҚХР аумағынан келгендер туралы болып отыр. 6 қаңтардан бүгін таңғы 7:00-ге дейін ҚХР мен Қазақстанның мемлекеттік шекарасындағы өткізу бекеттерінен 12 610 адам өтті. Оның арасында 12 365 адам - Қазақстан азаматтары, 245 - шетелдіктер. Қазақстанның барлық өңірлеріндегі медициналық мамандар осы жолаушылардың 51% (6 449 адам) хабарласып, жағдайын сұрады. Оларға хабарласып, есепке қоюды жалғастырамыз», - деді Ж. Бекшин Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Әзірге 35 адам жеке бокстарға оқшауландырылды. Оның 22-сіне - ЖРВИ, 4 - тұмау және біреуіне - тұмау мен парагрипп диагноздары қойылды.

«Осылайша, 27 адам маусымдық аурумен ауырып жатыр. Ауруханаға түскен тағы 8 адамнан сынама алып, Алматыдағы Әйтімбаев атындағы аса қауіпті инфекциялар ұлттық ғылыми орталығына жібердік. Бұл орталық жаңа коронавирусты диагностикалайтын Полимеразды тізбекті реакция әдістемесін меңгерген. Қазақстанда коронавирус инфекциясын болдырмаудың бар ресурсы жеткілікті. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен және Ресеймен өзара кәсіби көмек жөнінде уағдаластық», - деді бас санитар дәрігер.


Соңғы жаңалықтар