Коронавирус: БҚО-да мыңнан астам адам үйден бақылануда

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында 1092 адам үйден бақылануда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаевтың айтуынша, сондай-ақ 100 адам стационарлық карантинде жатыр.

Соның ішінде облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында ем алып жатқан екі науқастың жағдайы қанағаттанарлық.

«Кумыска» провизорлық госпиталында 57, Бәйтерек ауданында 13 және «Ивушка» карантиндік стационарында 28 адам бар. Бәрінің де жағдайы қанағаттанарлық. Күн сайын медициналық бақылау жүргізілуде.

«Қазір облыс орталығында емделіп жатқан науқас әйелдің 24 наурыз күні Оралдан Ақсайға Ford Transit автокөлігімен барғандығы белгілі болды. Онымен бірге болған жүргізуші мен үш жолаушы анықталды. Қалғандары іздестірілу үстінде», деді Нұрлыбек Мұстаев.

БҚО ТЖ департаменті бастығының орынбасары Ақылбек Ахметжановтың сөзіне қарағанда, қазіргі таңда алаңдар мен көшелерді, билборд, автобус аялдамаларын дезинфекциялау жұмыстары жүргізілуде. Бұған департаменттен 132 адам, 36 техника жұмылдырылған. Олар су өткізбейтін комбинезондармен, аспалы өрт сөндіру құралдарымен қамтамасыз етілген.

«30 наурыз күні Самарадан 57 студент келген болатын. Олардың қайда екендігін үнемі бақылап тұру үшін телефондарына мобильдік қосымша орнатылды», деді А.Ахметжанов.

Н.Мұстаев студенттердің бір күн карантиндік бақылауда болғаннан кейін үйлеріне жіберілгенін жеткізді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда коронавируспен күрес шараларына 94 млн теңге бөлінгенін жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар