15:07, 17 Қаңтар 2021 | GMT +6
Коронавирус: Бейжіңде 100 мың такси жүргізушісі вакцина салдыруға жазылды
БЕЙЖІҢ. ҚазАқпарат – Қытай астанасы Бейжіңде такси шақырудың «Didi Chuxing» аталатын ең ірі онлайн- платформасын пайдаланатын 100 мыңнан астам жүргізуші COVID-19-ға қарсы вакцинаны салдыруға жазылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА меншікті тілшісі.
«16 қаңтардағы жағдай бойынша, Бейжіңде 104 907 жүргізуші COVID-19 вакцинациясына жазылды, 46 787 адам вакциналаудан өтті», – делінген «Didi Chuxing» компаниясының хабарламасында. Бейжің билігі коронавирустың таралуын болдырмау шаралары аясында барлық такси жүргізушілерін COVID-19 тестілеуінен өтуге және коронавирусқа қарсы вакцина салдыруды міндеттеді.
Такси қызметін пайдаланатын астаналық жолаушылар таксиге отырар алдында денсаулық кодтарын сканерлеп, қала бойынша өз қозғалыстарын тіркеуі тиіс. Бейжің билігі санитарлық-эпидемиологиялық ережелерді бұзғаны үшін бірқатар такси қызметіне 200 мың доллардан астам айыппұл салды.