Коронавирус: Ақтөбеде жоғары оқу орындарының жатақханалары резервке дайындалды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде медициналық мекемелерде 5 мың кереует дайын. Сонымен қатар жоғары оқу орындарының жатақханалары арнайы әзірленіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облысы бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Мерекеге дейін балалардың 30 пайызы ғана балабақшаға барған. Онлайн тәртіпте тұрғындар сұрағына жауап берген облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржауған Қалауовтың айтуынша, санитарлық талаптар сақталған, балабақша жұмысын әрі қарай да жалғастыра береді.

«Мемлекет басшысы тегін бетперде таратуды айтқан болатын. Аудандардағы шеберханалар тігіп, тегін беріп жатыр. Алдағы уақытта гуманитарлық көмек те келеді. Ал автобустарға келер болсақ, бәрі залалсыздандыру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Төтенше жағдайға байланысты облыста 2 миллиард теңге бөлінді. Сонымен қатар қорлар жұмыс істеп жатыр», - деді облыс әкімінің орынбасары Нұржауған Қалауов.

Облыс бойынша 22 адам стационарда жатыр. Шетелден келгендердің өзгесі үйден бақылауға алынды.

«Медициналық мекемелерде 5 мың орын бар. Сонымен қатар, жоғары оқу орындарындағы жатақханаларында 2200 орын дайын. Резервте білім саласы мекемелерінен тағы 5 мыңнан астам орын әзірленді. Ресеймен арада 4 шекара бекеті бар. Үшеуі авто, біреуі теміржол бекеті. Жайсаң, Қарашатау, Әлімбет авто бекеті мен Жайсаң теміржол бекетіндегі шекарашылар қажетті құрал-жабдықпен, маскамен қамтамасыз етілген. Санитар мамандар да бар. Халықаралық маршруттар тоқтады, тек жүк көліктері жүре алады. Теміржол мен әуежай да бақылау күшейді. Қазір тек Ақтаудан келетін рейс қалды, өзгесіне уақытша шектеу қойылды», - деді Н. Қалауов.

Оның айтуынша, азық-түлік бағасының кейбірі өсті. Бұл импорттық өнім.


Соңғы жаңалықтар