Коронавирус адам психологиясына қалай әсер етеді – психолог пікірі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат –Қазір көпті алаңдататын сұрақтың бірі – коронавирустың адам психологиясына тигізетін әсері. Осы орайда аталған тақырып төңірегіндегі сауалдарға психолог Ержан Мырзабаев жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Індет салдарынан өлім көбейді. Карантин шаралары күшейтілді. Қоғамның тұрмысы өзгерді. Әрине, мұның барлығы психологиямызға кері әсер етеді. Өйткені белгісіздік адамды қатты шаршатады. Жеңіл ауру түрлерінің өзі адам бойында үрей тудыратыны мәлім. Ал коронавирус одан бірнеше есе көп көлемде қорқыныш ұялатады. Себебі басқа дерттердің емі бар. Сауығып шығу үшін тек уақыт керек. Ал бұл инфекцияның әзірге емі жоқ, қашан аяқталатыны белгісіз. Осының нәтижесінде адамдарда психологиялық үрей пайда болады. Салдарынан адам бойындағы басқа да аурулар асқынады, психологиялық травма алады.

Көбіне егде жастағы адамдар психологиялық үрейге бой алдырады. Ал жастар қауымы өзінің денсаулығының жақсы күйде екеніне сенімді. Сонымен қатар оларда жауапкершілік аз. Ал егде жастағы адамдар отбасы, туыс-туғандарының өміріне жанашырлықпен қарайды және қазіргі жағдайды өте ауыр қабылдайды», - деді Ержан Мырзабаев.

Сондай-ақ психолог індет салдарынан пайда болатын үрейді еңсеруге көмектесетін кеңестерімен бөлісті.

«Біріншіден, ішкі сезім әрекетке ұласуы шарт. Адам бойындағы кез-келген сезім босқа белгі бермейді. Шарасыздық танытып, әрекетке көшпесек, сезім адамды іштей мазалай бастайды. Мәселен, ауру жұқтырып аламын деп қорықсаңыз, медицина қызметкерлері айтқан кеңестер мен сақтық шараларына мойынсыну қажет. Ал бұлай жасамаған жағдайда, ішкі мазасыздық артып, психосоматикалық аурулар өршиді. Яғни, медициналық тексеру кезінде сіздің дертіңіз жоқ, бірақ басыңыз, жүрегіңіз, бүйрегіңіз және тағы басқа жерлеріңіз ауырып тұрғандай болады.

Екіншіден, туған-туыстармен қарым-қатынасты жақсарту керек. Жақсы көретін іспен айналысып, көңіл-күйімізді көтеріп, оймызды басқа арнаға бұрғанымыз өзіміз үшін пайдалы. Дегенмен карантин талаптарын бұзып, қонаққа барып, той тойлаудың қажеті жоқ. Уақыт тауып, әзіл, ойын-сауық бағдарламаларды қарап, миды сергіту үшін өлең айту – психиканы қалыпты жағдайда ұстауға мүмкіндік береді», - деп атап өтті Ержан Мырзабаев.

Маман пікірінше, спортпен айналысып, шуақты күні асық ашпан астында саяхаттаудың да пайдасы зор. Себебі күн энергиясы адам бойындағы «Бақыт гармондарының» көп көлемде бөлінуіне ықпал етеді.


Соңғы жаңалықтар