Қорғаныс министрлігі Жамбыл облысындағы жарылысқа қатысты БАҚ көтерген мәселелерге түсініктеме берді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Жамбыл облысындағы қоймада болған жарылысқа қатысты БАҚ-тағы хабарламаларға Қорғаныс министрлігі түсіндірме берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Инженерлік оқ-дәрілер қоймасынан өрт шыққан әскери бөлім «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының құрамына кіреді.

2016 жылдан бастап 2021 жылдың мамыр айына дейін әскери бөлімнің командирі Серік Байсақалов болған. Қорғаныс министрінің бұйрығымен подполковник Серік Байсақалов 48 жасқа толғанда Қарулы Күштердің қатарынан запасқа шығарылды. Ал нақты Байсақалов 2021 жылдың 29 шілдесінде бөлімнің тізімінен алынды», делінген хабарламада.

Министрліктің мәлімдеуінше, маусым айында өңірлік қолбасшылықтың комиссиясы бөлімнің штаб бастығы майор Аслан Бақытжановқа командирдің істері мен лауазымын уақытша атқаруды тапсырған. Бұл жөнінде бөлім командирінің 2021 жылғы 21 маусымдағы №109 тиісті бұйрығы бар. Қазіргі кезде құзыретті органдар штаттық бөлім командирін тағайындау мақсатында жасалатын тексеру процедурасы мен кандидатқа арнайы рұқсат беру рәсімін жүргізуде.

«Өрт басталысымен әскери бөлімнің штаттық өрт сөндіру командасы өрт сөндіруші есептоптар келгенше тез арада оны оқшаулауға кіріскен және Жамбыл облысының ТЖД-ға хабарлаған.

Бұдан әрі Ішкі істер министрінің 2017 жылғы 26 маусымдағы
№ 446 бұйрығымен бекітілген өрт сөндірудің қолданыстағы қағидаларына сәйкес өрт сөндіруге келген өртке қарсы қызмет гарнизонының аға лауазымындағы адам оған тікелей басшылық етеді. Өрт сөндіру басшысы осы міндеттерді орындауға қатысатын жеке құрамды, сондай-ақ өрт сөндіруге жұмылдырылатын күштерді басқаруға өкілеттілік беріледі.

Ол үшін ТЖД-ның өрт сөндіру қызметінде елді мекенде болған өрт кезінде қауіпті барлық объектілер туралы мәліметтер болуы тиіс», делінген хабарламада.

Ведомство Байзақ ауданындағы үйлердің аулаларының бірінен табылған оқ-дәрілердің қалдықтарына қатысты түсініктеме берді.

«Қорғаныс министрлігі пайдалануға жарамсыз оқ-дәрілерді Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің ведомстволық ұйымы – «Қазтехнология» акционерлік қоғамына береді. Содан кейін «Қазтехнология» АҚ оқ-дәрілерді өндірістік кәдеге жарату, олардың құрамындағы жарылыс қаупі бар заттарды алу және оларды жою процесін жүргізеді. Осыдан кейін ғана оқ-дәрілердің сынықтары электрондық gosreestr.kz. сауда алаңы арқылы осыған уәкілеттік берілген «Қазтехнология» АҚ арқылы сатуға шығарылады. Табылған снарядтардың қалыптары мен оқсауыттары – бұл оқ-дәрілерді кәдеге жаратқаннан кейін алынған және электронды сауда алаңы арқылы жеке кәсіпорынға сатылған металл сынықтары. Олар қоршаған ортаға ешқандай қауіп төндірмейді», делінген хабарламада.

Ведомствоның түсіндіруінше, бұл металл сынықтарын «Бақтияр-Group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 2021 жылғы наурыздың соңында Түркістан облысы Арыс қаласындағы «Қазақтехнология» АҚ металл сынықтарының қоймасымен жасалған шартқа сәйкес сатып алған. «Арыс қаласынан Жамбыл облысындағы қоймаға артиллерия оқ-дәрілері – снарядтар, зымырандар тасымалданған емес. Арыс қаласынан Жамбыл облысындағы қоймаға бұрынғы өрттен аман қалған инженерлік оқ-дәрілердің бір бөлігі ғана жеткізілді. Өйткені бұл қоймада да осындай оқ-дәрілер түрі сақталады. Бұл қоймада артиллерия оқ-дәрілері сақталмайды», делінген хабарламада.

Соңғы жаңалықтар